Тағдыры қиын талант - Магжан Жумабаев

Тағдыры қиын талант

"Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам! - деп ұлтының аспандағы Айы, көгіндегі Күні, мақтанышы, тағзым етер тұлғасына айналған ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 125 жыл толады.
"Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар" - деп өзі айтқандай кейінгі ұрпаққа жақұт жыр қалдырған, көзі тірісінде тауқыметі мол жолдан өткен ақынның халқына қайта оралуына көп еңбек сіңірген азаматтың бірі - белгілі жазушы марқұм Жайық Бектұров. Оқырмандар назарына оның "Тағдыры қиын талант" атты көлемді зерттеу еңбегін ұсынып отырмыз.

"Мағжан өлеңдері мен әндері соқыр адамның айналасындағы жарық дүниені алғаш көзін ашып көргендей әсер етіп еді. Содан да Мағжан ерте күннен көңілімізге қонған ақын еді, - дейді жазушы Мағжанға деген ынтық сезімі жайлы.
Мағжан жайлы осы мақаланың екінші, негізгі бөлімі 1961 жылы жазылған еді. 1988 жылдың аяғында Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов біржолата ақталып, олар қазақ әдебиетінің, тіл ілімінің, аударма өнерінің, әдебиет сынының көш басына қайта шығып, халық қалаулыларының бүгін қақ төрінен лайықты орындарын алғанда, Мағжан өмірі мен еңбектері туралы бұдан көп жыл бұрын жазылған шо- луымыздың қазіргі дәрежедегі тілек-талап деңгейінен төмендігін түсініп, осыған біраз түсінік бергіміз әрі сол мақаланы жазуға жетектеген себептерді шет жағалап айтып, қазақтың сүйікті ақыны жайлы кейбір мағлұматтарды толықтырғымыз келді. Біз Мағжан жайлы мақаланы әуелде тайсақтап та, жалтақтап та, қорқақтап та, тіпті, тіліміз көрмеліп те, құлағымыз кереңірек болып та жазып едік. Көбінде көңіліміздің жетегінде, ертедегі сезіміміздің шылауында болып едік. Әрі ол тұста Мағжан жайлы қолымызда дәл қазіргідей біркелкі толығырақ мағлұмат-деректеріміз де жоқ еді.
Ақын Шәкәрім "Еңлік-Кебек" дастаны соңында: "Жігіттер, бұл өлеңді жазған мәнім, емес қой жастықпенен салған әнім" атақты Жаяу Мұса өзінің шарықтаған келісті әндерінің бірінде: "Көкаршын көңіліме қонған әнім", - дейді. Дәл сондай, біз жас шағымызда, жиырмасыншы жылдарда Мағжан өлеңдерін жаттап өстік, алғашқы совет мектеп- терінде оның термелерін тақпақ етіп айттық. Алғаш бала кезімізде молда алдынан "әліпби", "әптиек","иманшарт" оқып, хат таныған біздерге Мағжан өлеңдері мен әндері соқыр адамның айналасындағы жарық дүниені алғаш көзін ашып көргеніндей әсер етіп еді. Содан да Мағжан ерте күннен көңілімізге қонған ақын болатын. Өз ұрпағым қатарында мен өз әлімше Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің, Мәдияр-Міржақыптың, Шәкәрімнің, Қырбаласының кітаптарын,мақалаларын, өлеңдерін жаңа шыққан көкке қадалған жас төлдей көз алмай оқыдым,солардың еңбектерін жинап, қолтығыма қысып өстім. Бұл біздің айып-кінәміз да, мақтанышымыз да емес, бұл - біздің өміріміздің нақты көрінісі. Бұл адамдардың көбісінің шығармаларын олардың өздерінің көздері құрып кеткен кезде де ертедегі әдетпен сақтап жүрдім. Тек өз еркіңді өзің билей алмайтын кезеңге тап болғанда, ақыры бірте-бірте олардың бәрінен де жұрдай болып, құр алақан қалдым.
1937 жылдың аяғында "Лениншіл жас" га­зеті редакторының орынбасарлығынан алындым. "Халық жауларына" байланысты десті. Орталықтағы залым басшылар жұмысымызда қате болыпты, оны түзетеміз деп біраз көпіріп, жұртты алдаусыратып сөйлеген кезде "Социалистік Қазақстан" газетіне қызметке жіберілдім. 1939 жылы жаңадан Жамбыл облысы құрылып, облыстық га­зетке жауапты редактор болдым. Алайда, баяғы түнгі қоңырау сылдыры құлаққа шалына берді. Соғыс басталған кезде, әскерге алындым. Бұл тұста отыз жетінші жылғыдай газет беттерінде анау жау, мынау жау деп айғайлау басылып, көгендеулі қозының құйрығын түнде келіп соратын борсықтай үн ­түнсіз адам ұстау басылмады. Ақыры соғыс басталғанда, Жамбыл қаласында құрылған 105-ұлттық атты әскер дивизиясының "Кы­зыл семсер" атты дивизиялық газетіне ре­дактор болдым. Ташкенттегі Орта Азиялық соғыс округінде өткен редакторлар кеңесінен №82 Ташкент-Новосибирь поезының төртінші вагонымен Жамбылға келгенімде, жолаушылап оралған сүйікті туысын күткендей алдымнан көк жағалары тікірейген үш-төрт адам шыға келіп, тұтқынға алды. Бұрынғы, отыз жетінші жылғы жазылған лас, былапытжала, жағылған қара күйе қағаздар көктемде қоқыс астынан қыбырлап шыққан қара қоңыздардай, сары бас жылан құрттардай жан бітіп, қайта тіріліпті.
Тұтқындаушылардың қолдарында рес­публика НКВД бастығы Бабкин, республика прокуроры Баранов бұдан он күн бұрын қол қойған бір жапырақ ордер бар. Бір ғажабы, сол кездегі адам тұтқындаушылардың киімдерінің жағалары жұртқа әрі көк, әрі тік көрінетін. Дәл бір қотандағы қойға шапқан көк - серектің тіп-тік құлағындай қорқынышты көрінетін. Мені поездан түсіріп алып, Жамбылдың ішкі түрмесінің кереуетсіз, тіпті, атымен төсеніш-төсегі жоқ түпкіргі бір қуысына сүңгітіп жіберді. Біраздан соң: "Киін, үйіңе апарамыз, үйіңді тінтеміз", - десті. Мен үй-іші жандары көзінше өз үйімде базаршылар алдарына салып айдаған малдай болғым келмеді. Мүсәпір, кіріптар тұтқын болып, жендеттердің алдына түсіп, аузымда аша ал­май, қақпайда жүруді намыс көріп: "Бармаймын. Өздерің тінте беріңдер. Өз қағаздарым, документтерім салынған шкафтың, сейфтің кілттерін өздерің қалтамнан алдыңдар. Соны апарсаңдар, жетіп жатыр", - деп үйіме бармадым. Москвада СССР Ғылым академиясының тіл-әдебиет институтының аспирантурасындағы оқуынан соғыс басталғанда елге қайтқан сол күндері Жам­был обкомында нұсқаушы болып қызмет істейтін қарындасым, 1942-1982 жылдары тура қырық жыл Қарағанды педагогика институты мен мемлекеттік университетінде қазақ тілі пәнінен ұстаз болған доцент, ғылым кандидаты Фатима кейін былай деді:
Парткабинетте жиналыста отыр едім. Есік жақтан біреулер ымдап шақырады. "Бізбен жүріңіз", - деп машинаға мінгізді. Алдында өзің пәтер ауыстырамын деп жүргенің есімде. Соған келген кісілер ме деп калдым. Бірақ қолдарында сенің кілттерің бар: "Ағаңыз әзір тергеуде болады. Алматыға жөнелтеміз. Ертең келіп қоштасуға болады. Қазір үйден қағаздарын көреміз", - десті. Есімнен танып қала жаздадым. Сені Ташкенттен бүгін-ертең келеді деп күтіп отырғанбыз. Ақыры үйге келдік. Әскерге кеткен ағамыздың әйелі: "Мына қарақтарың кім? Қайдан? Қайдағы жоқты неге қасыңа ертіп жүрсің?" - деп сұрай бастады. Бұлардың кімдер екенін түсінгенсоң, отыра қалып жылады. Келгендер үйді тінтті. Кітаптарың (көбін Алматыдан әкелмесең де) мұнда да көп-ақ екен. Баяғыда Алматыдан Шымкентке, одан Арысқа, әрі қарай Мақтаралға, қайтадан Алматыға, енді Жамбылға тасыған кітаптарыңды ақтарып, төңкеріп, көбісін алды. Бір жақтан бірнеше қап әкеліп, қаптап-қаптап алды. Суреттерің, документтерің, жазған қағаздарың, өлеңдерін түгел кетті. Келгендердің біреуі өзіңді де, мені де таниды екен. Содан ба, әйтеуір, диваныңның астын қарамады. Біреуі сыртта теле­фонның сымын қиып тастады.
Ертеңінде Базар көшесіндегі НКВД-нің алдына келдік. Жүк машинасының үстіне көп кісі мініпті. Бәрі де жолаушы, жұмысшы сықылды. Көбісі түрегеліп тұр. Солардың арасында үстіндегі шинеліңмен сен де түрегеліп тұрдың. Шамасы, мына адамдар сені жұрт көзінен жасырып тұрғандай. Heг сенгеніңді білмеймін әлде көңіліміздіаулағаның ба: "Мен тірі келемін Сәйділдағ хабарла", - дедің. Ағамыз Қажыбай майданға аттанған күні туған бесіктегі ұлы қолымызда шырылдап тұрды. Жылап-сықтап қала бердік. Аспан асты қуыс қой деп Алматыға көшіп кеттік. Диванның астында сақтайтын біраз кітаптарыңды алдым. Бірі - жиырмасыншы жылдардың бас кезінде С.Қожановтың беташарымен шыққан Мағжанның өлеңдері. Алматыға келген соң, бұрын өзіммен ҚазПИ-де бірге оқыған Ахмадия Ысқақовтың Комсомол көшесіндегі жатақханада тұратын бір бөлмесінде coл кітапты екеулеп оттың күлін көсеп отырып отқа жақтық. Кітап отқа жанбайды екен. Көсеумен аударып, төңкеріп, көл әуре болдық. Бұрын кім кітап жағып көрген...
Осы күні бұрын тұтқында болып, сан қыспақтан тірі қалған біраз адамдар: Бірнеше күн ұйқы бермеді. Күні-түні тергеуде болдық. Талай күн камерада жалғыз отырдық", - десіп зарлайды. Расы шығар, ал мына мен Алматының Виноградов, Калинин, Дзержинский көшелеріндегі бір квартал НКВД-нің ішкі түрмесінде сегіз ай жалғыз отырдым. Оның үш айдай уақытын атылатындар қамалатын тас қуысында өткіздім. Жаз бес тәулік бойы қысқы карцерде шала-жансар жаттым. Айлап ұйқы көрсетпеді. Үш кісі кезектесіп, демалыс күндеріндеде тергеуде ұстады. Таңғы сағат бесте қайтарып, алтыда өріске қуалайтын малдай тік тұрғызады. Күндіз өз алдына, түнгі он бір - он екіде тағы әкетеді.
Кейін шетелдің бір коммунисі түрмедегі совет азаматына: "Сен тергеушіге қарсы күресіп бақ, оны өзіңнің қасжауың деп түсін", - деп ақыл айтыпты. Бұл - орынды ақыл. Бірақ бұл капиталистік елдердегі тұтқын коммунистерге тән қасиет, өйткені, капиталистік елдердегі фашизмге қарсы күресушілердің таптық намысы, мақсаты бар, сондықтан да олар үстем тап тергеушілерін өздеріне жау деп санап, олармен тергеу үстінде қарсыласып бағады. Ал біздің совет елінде барлық азаматтар бірыңғай коғамның мүшесі болып отырғанда, тұткындағы совет коммунистері өздерін кинаған тергеушілерді кас жауым деп санай алмайды. Сөйтсе де, жастайымнан өзімнің қоғамым алдында ешбір кінәм, жазығым жоқ деп, шамам келгенше комсомолда, баспасөзде адал кызмет еткен мен өзімді кинаған кыстаған тергеушілерімді өзіме жау адамдар деп санадым. Қиянат - қысастығына шыдамағандыктан, әділеттіліктері болмағандыктан тамағы тоқ, көйлегі көк тергеушілердің бәрі маған жау болып көрінеді. Сол себепті де күшім жеткенінше карсы алдымда сүзеген бұкадай жер тарпып отырған жендеттерімді ит етіндей жек көрдім. Тегінде, тірі калуымның бір себебі - осы өмір үшін, адалдык, әділдік үшін күрес болар.
Ақыры қанша алысып, айқасқанмен ештеңе шықпады. РСФСР Қылмыстық заңының 58-тармағының 10 және 11-баптарының екінші тарауына іліктіріп, ату жазасына айыптау қорытынды шығарылды. СССР НКВД жанындағы Айрықша кеңес сырттай үкім шығарып, тізімдегі сегіз адамның алдыңғы үшеуін атқызды. "ВМН" дейтін сақау да сұмдық үкім жазылды. Бұл үкімге қарсы шағым жазуға болмайды. "Высшая мера наказания" деп аталады. Тізім соңындағы мен тірі қалдым. Үкім шығаруда да орта есеп, процент болса керек. Міне, осындай қатаң қиянат тергеуде, сұрапыл қысым, қорлықта күніне бірнеше рет сұрақ-жауап жазылады. Тергеушілер өздері жазса да, көңілдеріне қонбаған соң қағазды быт-шыт жыртады да, "Бізге керегі, партияға керегі бұл емес. Бізді бүйтіп алдама! Қылмысың бізге белгілі. Сен Отанға опасыз жаусың, сатқынсың, троцкийшіл гитлершілсің!"-деп бетіме лақтырады. Шашылған қағазды қайтадан жиып алып, түкірінетін-қақырынатын түкіргіштеріне тастай салады.
Міне, осындай арпалыс, алыс-жұлыс үстінде тұтқын ұйқыдан әбден қалжырайды, есеңгірейді. Қалғып-шұлғып бара жатса, тергеушілер ес кіргізеді. Сондай шақта адам нелер өтірікті мойындайды. Бір күн де болса тыныштық іздейді. Көз іліп, бір мызғып алғысы келеді. Мұндайда тас камера оған мейманханадай, курорттай көрінеді. Осын­дай есеңгіреген шақта тұтқын өзінен мықтап айып, кінә, қылмыс іздейді. "Шпионмын зиянкеспін фашиспін", - деп сандырақтайды.


БЕКТҰРОВ Ж. Тағдыры қиын талант // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 1 ақпан. - 7 б.