Нұржәмила туралы - Магжан Жумабаев

Нұржәмила туралы

Мағжан Жұмабаев пен Нұржәмила Бәрменбайқызы арасындағы мөлдір махаббат туралы маған осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын Жезқазған қаласының тұрғыны Нұрасила апай әңгімелеп берген еді. Кейінірек Мағжан ақталған тұста ол кісі бұл туралы жергілікті газеттерге естелік мақалалар да жазғаны есімде.


Нұржәмила бір шаңырақтағы балалардың үлкені болады. Нұрасила - кенжесі, апасынан он бес жастай кіші. Ұлдары болмаған ата-аналары үлкен қызын еркек балаша киіндіріп, Бәкен деп атап, ауыл молдасына оқытады. Өнерпаз қыз құран сүрелерін тез меңгеріп, әншілік, ақындық қабілетімен елге ерте танылады. Көркіне ақылы сай алғыр қарындасын болыс болсам деп үміттеніп жүрген немере ағасы алдағы сайлауда көмегі тиетін өзімен дос бір байдың босбелбеу, ынжық баласына атастырып қояды. Қыздың шешесі бұған қарсы болып, Сыр мен Қыр қазақтарына есімі мәлім белгілі дінбасы, өз заманының озық ойлы қайраткері Ахмет ишан Оразайұлынан көмек сұрайды. Нұржәмиланың айрықша зеректігіне көзі жеткен ишан оны Ғалия медресесіне Уфаға оқуға беруге ақыл қосады.
Осылайша Нұржәмила «Ғалияға» орналасып, Уфада бұрыннан Ұлытау өңіріне сауда шаруасымен келіп-кетіп жүрген таныс татардың үйінде жатады. Әке-шешесі Нұржәмиланы Уфада қалдырарда татар саудагеріне: «Еркекше киініп жүре берсін, қыз екенін ешкімге білдірме», - деп тапсырады.
Байдың қос қабатты пәленбай бөлмелі сәңді үйінің бір бөлгін «Ғалияда» оқитын қырдан келген қазақ жастарына жатақхана есебінде болады. Өнерпаз, өткір Нүржәмилә, Бәкенмен Мағжан осында танысады...
Уфада Нұржәмила - Бәкен екі жылдай оқиды. Бірде әкесі келіп медресемен де, саудагермен есеп айырысып, қызын ауылға; біржолата алып кетеді. Нұржәмиланың өздерімен мүлдем қоштасып бара жатқанын білгенде Мағжан оған мынадай хат жолдапты:

Ер бала боп еріп келдің әкеңмен,
Әкеңе де ел ырза еді әкелген.
Ұл шығар деп ойлап қалдық бәріміз
Күнде көріп жүргенде осы пәтерден.

Қабылдандың медресеге ұлмын деп,
Ұлтым қазақ, Ұлытауда тудым деп.
Тайсалмастан дайындалдың дәріске,
Міне, енді сіздерменен бірмін деп.

Жас та болсаң, жанып тұрған от едің,
Екі көзің тостағаңдай бота едің.
Егер қыз ғып киіңдіріп шығарса,
Таңдай қағар тамаша қыз - тоты едің.

Домбыра мен сырнай тартып, ән салдың.
Талантыңа тәнті болып тамсандым.
Қыз қылықты он үш жасар баланы
Өз інімдей еркелетіп қарсы алдым.

Інішегім, тыныс-едім, Бекенім,
Кетеріңді білмедім ғой қапелім...
Балалардың алды болып оқып ең,
Айтқанынан шыға алмадың әкенің.

Бәкен, жаным, мүлде кетіп барасың,
Жанды үзуші ед қарақат көзқарасың.
Өткірлігің отқа жанып кеткендей,
Көтере алмай тұрмын жүрек жарасын.

Әкетпе деп айтар меңде тіл кайда,
Күш-қуатты қайдан табам мұндайда?
Кетеріңде келбетіңе көз салып,
Ең болмаса тартқызбадым сырнай да.

Менің ішім қайнап-жанып, өртеңді,
Үйге кіріп жаптым бетке көрпемді.
Қоштасуға дәрменім жоқ, қайтейін,
Жарық дүние маған бүгін көр теңді.

Жас та едің, лағындай киіктің,
Маған болдың қол жетпейтін биік күн.
Медреседен алып кетіп барады,
Ортамыздан кеттің енді, сүйіктім.

Қоқыс күнді алар кім бар тазалап,
Осы дәуір қыз, жігітке азап-ақ.
Балаларын бақытынан айырып,
Жалғызын да жатыр, міне, жазалап.

Кетем мен де қызығы жоқ қаладан,
Осы өмірден өзіңді тек қалағам.
Махаббатты танымайсың әзірше,
Менше күйіп-жанғанда іздеп таба алам.

Көрем біраз өзің үшін тіресіп,
Бақытыма ашылса алдан бір есік,
Жер бетінде жүрсең іздеп табамын,
Саудагердің шанасына ілесіп.

Ауылына келген бойда-ақ Нұржәмила атастырылған жеріне ұзатылып кетеді. Мұны ұзынқұлақтан естіген Мағжан саудагерлерге ілесіп оның ауылына да келіп, ретін тауып тілдесіп қалғанда: «Сайланып, дайындалып келіп, алып қашамын» - дейді. Нұржәмила оған: «Сенің келешегің алда, екі елді шулатып қашып кетсем, бұзылған атанармын. Сенің оқуыңа, болашағыңа кесірім тиер», - деп жылап қоштасыпты.
Мағжан содан соң мына өлеңді жазып, қолына ұстатыпты:

Тым жас едің, жарық жұлдыз, шолпаным,
Атар деген атпай қалды-ау, сол таңым.
Түсінсең де, түсінбеген болдың да
Тамырларын талдап үздің қолқаның.

Үш жылдан соң айтам деген сөзімді,
Құп алар деп жұбатушы ем өзімді.
Жаралы аңдай жалғыз қалдым далада,
Сенсіз енді қайдан табам сезімді.

Ақылды едің, сырымды іштей сезетін,
Жастығың тек жаншып жанды езетін.
Мағи аға! - дегенінді естісем,
Езіліп ішім, уайым ойдан безетін.

Сен кеткелі қиын болды жер басу,
Алдымда көп тұр ғой тұтас белді асу.
Қорланамын, зарланамын, кайтейін,
Сенсіз дүние - қара кезді шел басу.

Уфадан өзің кеткелі,
Қақпадан көзім кетпеді.
Жарқ етіп кіріп келер деп,
Алдады үміт тек мені.

Маза жоқ күн мен кешімде,
Елесің қалды есімде.
Киінген кыз боп кезіңді
Көрсем деп едім Есілде.

Ұмытсын мені дедің бе,
Тигізген аяп себің бе?
Гармонсыз қалай айтасың,
Әніңді жүрген жеріңде

Өлеңдерді Нұрасила апай кезінде апасының өз аузынан жаттап алған. «Апамыз төркіндеп келгенде, Есіл бойы жайлап отыратын еліміз думан қызыққа кенеліп қалатын, домбырамен сызылтып айтатыны Мағжанның өлеңдері еді. Не керек, Нұржәмила көп жасай алмады, сүйгеніне қосыла алмай, құсадан ерте көз жұмды », - дейтін Нұрасила апай осыдан 2-3 жыл бұрын қайтыс болды. Сол кісіден алынған Мағжан Жұмабаевтың екі өлеңін олардың жазылу тарихын қысқаша баяндай отрырып, сәтті тұста көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Қарағанды облысы
Егемен Қазақстан 31 қазан 2001 ж.
Қуаныш Ахметов