Алаш ағартушылары - Магжан Жумабаев

Алаш ағартушылары

Алаш зиялыларының 20-шы жылдардағы ағартушылық саласындағы қызметі қым-қиғаш тартыс, "идеялық күрес" жағдайында өтті. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында алаш қозғалысының зиялылары басымдылық жағдайда болғаны белгілі. Ол туралы алаш қозғалысын зерттеушілердің бірі Хасен Оралтай Түркияда жарық көрген "Алаш-Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны" атты еңбегінде: "Алашшылар, яғни қазақ түріктерінен шыққан ұлтшыл азаматтар, өлкедегі маңызды қызмет орындарын өз қолдарына алып, ұлттық мақсаттары - түрік елінің тәуелсіздігі жолында адам шамасынан асатын күш-қайрат жұмсады. Мәселен, 1920 жылы қазан айында Орынборда өткен ҚазКСР кеңестерінің құрылтайына қатынасқан 700 делегаттың көбі Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханұлы мен Ахмет Байтурсынұлының жақтастары болды", - деп жазады.


Бірақ билік большевиктер партиясы мен оның құрған өкіметі - пролетариат диктатурасының қолында болды. Алаш зиялыларының алдымен ден қойып, қызмет еткен саласы - оқу-ағарту ісі. Олар бұл бағытта жаңа оқулық- тар, оқу құралдарын дайындауды, саяси және көркем әдебиеттерді басып шығару істерін қолға алды. Мәселен, Қазақстанның мемлекеттік баспасы жанынан Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің шешімімен, 1920 жылы желтоқсанда құрылған оқулықтар мен саяси және көркем әдебиеттер шығару редакциялық алқасына Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Хайретдин Болғанбаев, Жүсіпбек Аймауытов және Смағұл Сәдуақасов сияқты Алаш қайраткерлері кірген.Оқу-ағарту және ғылыми жұмыстардың ұйымдастырушысы болған алғашқы ғылыми мекеме - 1921 жылы халық ағарту комиссариатының жанынан құрылған Академиялық орталық. Қазақ АКСР-інде құрылған мұндай орталықтың жетекшісі Ахмет Байтұрсынов болса, Түркістан АКСР-інің Академиялық орталығын Халел Досмұхамедов басқарды.
Осы орталықтың тапсыруымен алаш зиялылары мектептер және басқа оқу орындары үшін оқулықтар мен оқу құралдарын жазып шықты. Мәселен, А.Байтұрсыновтың өзі бірнеше рет басылып шыққан "Тіл құралының" авторы болды, М.Жұмабаев "Педагогика", Ж.Аймауытов "Психология", Қ.Сәтбаев "Алгебра", Х.Досмұхамедов "Табиғаттану", "Зоология", М.Дулатов "Арифметика", т.б. оқулықтарын жазған.
Партия мәдени революцияның міндеттерін шешу үшін ұлт зиялыларын пайдалануды теріске шығарған жоқ. Басқа жол да жоқ еді. Жұмысшы, шаруадан шыққан жаңа интеллигенция әлі қалыптаспаған болатын. Осы жағдайға қарамастан, қазақ зиялыларына сенімсіздік көрсету де орын алған құбылыс болды. Әсіресе, орта- лықтан келген шовинистік пиғылдан арылмаған партия қызметкерлері, жергілікті әсіре "солшыл" белсенділер оларға жаппай "ұлтшылдар" деген айдар тағудан танбады. Сондықтан да, өлкелік V партия конференциясы былай деп атап айтуға мәжбүр болса керек: "Огульное отрицательное отношение к казахской интеллигенции неверно и неправильно, нужно ее привлечь к деловой работе, нужно ее нивелировать...".
Қалай болғанда да, 20-шы жылдары ұлттық интеллигенция оқу-ағарту ісінде, әдебиет пен ғылымда шешуші рөл атқарғаны анық. Бір ғана мысал 1922 жылы Орынборда ашылған қазақтың халық ағарту институтында сол кездегі ұлттың білімді азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Елдес Омаров, Телжан Шонанов, Молдағали Жолдыбаев, Жұмабай Оразалин және басқалары сабақ берген. Қарт жазушы Ғалым Ахмедов осы институт туралы: "Ахаң әдебиет теориясынан, Мұхтар (Мурзин) математикадан, Елдес физикадан, Міржақып жағрафиядан Жүсіпбек педагогикадан Телжан мен Жұмабай қазақ тілінен, Молдағали саяси сабақтан лекция оқыды. Сонда Елдес физика, Міржақып есеп оқулықтарын жазды. Москвада шығып тұрған "Жизнь национальностей" журналының 1923 жылғы екінші нөмірінде 1922 жылы Орынборда Мағжанның "Педагогика" оқулығы басылып шыққаны туралы хабар бар", - деп жазады.


Ұлт зиялылары, сонымен бірге, орыс ғалымдары мен мамандарын да мәдени өмірге тартып, әртүрлі қоғамдар, үйірмелер ұйымдастырады. Ондағы мақсат - ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттау болатынды. Мәселен Қазақстанның астанасы болған Орынбор қаласында 1921-1923 жылдары онға жуық бірлестіктер: "Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы", "Қырғыз (қазақ) кооперативтік инженерлер ассоциациясы", "Агрономдардың экономикалық қоғамы", "Ғылым мен еңбек қоғамы", "Кітапқұмарлар үйірмесі", "Физика-медициналық қоғам", "Заңгерлер қоғамы", т.б. жұмыс істеді. Бұл қоғамдардың кейбіреуінің Оралда, Семейде, Қостанайда, Петропавлда, т.б. қалаларда филиалдары болды. Осы бірлестіктердің мүшелері революцияға дейінгі жоғары, орта оқу орындарының оқытушылары, мамандары еді. Бұл қоғамдардың басты мақсаты - өзінің мүшелерінің ғылыми, педагогикалық қызметіне көмек көрсету, өз мүшелерінің рухани және материалдық дәрежесін көтеру, белгілі жазушылардың шығармаларын талқылау, кітаптарын оқыту арқылы бұқараның ақыл-ойын дамыту болды. Осы қоғамдар кезінде ақылы лекциялар, әңгімелер ұйымдастырды, өлкеде ғылыми-техникалық, көркем әдебиеттерді насихаттады және таратты. Осы тұрғыдан алғанда олар мәдени-ағарту ұйымдары ретінде болды.

 

Бірақ бұл ұйымдар кеңес өкіметі орнатқан "қырағылықтың" нәтижесінде кейбір қоғамдардың мүшелерінің "антимарксистік насихатты күшейтуге бағытталған қылықтары" байқалғандығы үшін облыстық партия комитетінің шешімімен қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болды. Кейін осы қоғамдардың кейбіреулерінің мүшелері болған ғалым-экономистер С.П.Швецов, А.Н.ДОНИЧ, Г.Ф.Прокопович, М.Г.Сириус, т.б. "кондратьевшілдер" деген желеумен қуғын-сүргінге ұшырады.
Алаш интеллигенциясы мұрындық болған тағы бір қауымдастық Түркістан АКСР-інің орталығы Ташкент қаласында 1922 жылы құрылды. Оның көш басында Алаш қозғалысының белгілі қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедов тұрды. Бұл ұйым мемлекеттік ғылыми кеңестің жанынан "Талап" қазақ мәдениетін көркейтушілер қауымы деген атпен құрылды. Қауымның мақсаттары былай анықталды: қазақ-қырғыз халқының әдеби тілін, ғылым атауларын (терминология), емілесін әрі басқа мәселелерді тексеру; ұлт өнерін тәптіштеу; қазақ-қырғыз халқының тарихын әрі салтын тексеріп қарастыру; қазақ-қырғыз мектептерінде оқыту мәселесін реттеп, жөнге салу; қазақ-қырғыз халқының білім қызметкерлеріне әрі өнер қайраткерлеріне жәрдем көрсету. Қауымды түзушілер (құрушылар):
1) доктор Халел Досмұхамедов;
2) профессор Александр Шмидт;
3) Әбубәкір Диваев;
4) Кәрім Жәленов;
5) Мағжан Жұмабаев;
6) Николай Архангельский.
Қауымның бағдарламасының соңында: "Талаптың" осы жолын 22-ші жылы 3-ші декабрьде Түркістан білім кеңесі бекітіп тағайындады. 1922 жылы 13-інші желтоқсанда "Талап" қауымының бірінші жалпы жиылысы болып, басқармаға (правлениеге) мына адамдар сайланды: басқарманың төрағасы - Халел Досмұхамедұлы. Бас- қарманың мүшелері: профессор Александр Эдуардұлы Шмидт, Иса Тоқтыбайұлы, Мырзағазы Есболұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Мұхтар Әуезұлы, Қасым Тыныстанұлы. Басқарма тұратын орын:Ташкент, Карл Маркс көшесі, 301-інші үй. Қазақ-қырғыз институты, 22-інші нөмірлі белме.
Міне, осылайша, қазақ зиялылары әртүрлі бірлестіктер құру арқылы мәдениеттің қандай жағдайда болсын өркендеуіне үлес қосуға тырысты. 20-шы жылдардың бірінші жартысында Ташкент қаласында қазақ зиялылары М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов, т.б. тұрақтап, қазақ мәдениеті, әдебиеті мен оқу-білімі үшін қыруар істер тындырды. Осында "Ақ жол" газеті мен "Шолпан" журналы шығып тұрды.Ұлт мүддесін қорғаған "Ақ жол" газетін С.Қожанов басқарған еді.
Смағұл Сәдуақасов Қазақ АКСР-інің Түркістан республикасындағы өкілі бола жүріп, "Ақ жол" газетінде қызметте болды. Ташкент кезеңінде М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезовтің шығармалары "Ақ жол" газеті мен "Шолпан" журналында жиі басылып тұрды. Шығармашылық өмірі жағынан Мағжанның Ташкенттегі жылдары сәтті болды 1922-1924 жылдары аралығында оның жеке жинағы, "Қорқыт", "Батыр Баян" дастандары, көптеген өлеңдері осында жарық көрді. Осы жылдары алғашқы әдеби кітаптар баспалардан шыға бастады. 1922 жылы Қазан қаласында Абай мен Мағжанның жинақтары шықты. Ал қазақ зиялыларының екінші бір шоғырланған қаласы - Орынборда А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, С.Сейфуллиннің кітаптары жарық көрді.
Қазақ зиялылары қай қалада тұрмасын,өз халқының мәдени өркендеуіне атсалысып отырған. Мәселен, Нәзір Төреқұлов Мәскеуде 1922-1928 жылдары КСРО халықтарының орталық баспасы басқармасының төрағасы болды. Баспаның міндеті Орта Азия мен Қазақстанда баспасөз ісін ұйымдастыру, газет-журналдар шығару, марксизм-ленинизм классиктерін озық көркем әдебиет туындыларын ұлт тілдеріне аудару болды. Сонымен қатар осы баспада Шығыс халықтары тілдерінде кітаптар шығаратын жеке редакциялық алқа да болған. Н.Төреқұлов айына бір рет шығатын қоғамдық-саяси, әдеби журнал болған "Темірқазықты" ұйымдастырып, оған басшылық жасады.
Осы жылдардың бір ерекшелігі - ол қазақ зиялыларын таптық идеологияның екі ұдай топқа бөлуі болды. Жаңа құрылған өкімет - пролетариат диктатурасы, яғни пролетар мемлекеті болғандықтан, негізгі тап - пролетариат, билеуші партия да осы таптың партиясы болып табылды. Осы таптың мүддесін көздейтін зиялылар өзгелерден оқшаулана бастады. Мәселен әдебиет саласында осы құбылыс ерекше байқалды. Пролетарлық әдебиеттің жақтаушысы болған ақын-жазушылар да өз халқына жақсылық ойлады, оның қайтсем кесегесін көгертем деп аянбай қызмет етті. Мәселен, революция жолына түскен, қайраткер, ақын Сәкен Сейфуллин қазақтағы пролетарлық әдебиеттің негізін салушылардың бірі болды. Ол үшін Сәкенді жазғыруға болмайды. Себебі, ол өз халқының азаттық жолындағы таңдауы – Кеңес өкіметі деп білді. Большевиктік идеологияның негізгі қағидаларының бірі - интернационализм болғандықтан партия мүшесі, ақын-жазушы алдымен өз ұлты туралы жырлауға хақысы болмады. Өйткені, таптық, партиялық мүдде, ұлттық мүддеден жоғары тұруы керек болды. С.Сейфуллин осы әдебиетке қызмет етті. Бірақ бұдан Сәкенді нигилист болды деуден аулақпыз. Ол - өз шығармаларында қазақ халқына деген зор сенімін білдірген суреткер. Сәкен бастаған әдебиетке 20-шы жылдардың басында Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, т.б. келіп, әдебиетке өз үлестерін қосып, оның ілгері дамуына ықпал жасады.
С.Сейфуллин сол кезде қазақ ауылынан шыққан талапты жастарды оқуға тартып, олардың болашағына ерекше ықпал еткен. Қостанайдан Б.Майлинді алдырып, Қызылжардан келген С.Мұқановқа көмегін көп көрсеткен Сәкен тек жас әдебиетшілерге ғана емес, сол жылдары енді ғана құрылып жатқан жаңа өнердің талантты тобына да қамқорлық керсеткен. "Сәкен біздің ойын-сауықтарымызға үнемі қатысып жүрді, - деп жазады Қазақ КСР халық әртісі Серке Қожамқұлов, - ол маған барлық кинотеатрларға, Орынбор орыс театрына пропуск бергізген еді. "Орыс театр өнерін көр, келешегінде берер көмек, әсері болар", - дейтін. Сәкен менен тақпақ, өлеңдер тыңдап, жөн-жосық айтатын". Одан әрі Серағаң: "...Қазақ театрының алғашқы актерлері Қалыбек, Құрманбек, Елубай, Күләштің Сәкеннен алған әсері, өнеге-үлгілері өте көп. Біздің творчестволық өсуімізге Сәкен тигізген ықпал аса күшті. Марқұм, күйші Әбікен Хасеновті театрға алдырған да Сәкен", - деп жазған.
С.Сейфуллин "Еңбекші қазақ" газетінің редакторы қызметін атқарған кезде осы газет арқылы "Қазақ халқының төменгі табының азаматтарына" хат жолдап, олардың рухын көтеріп, қоғамдық өмірге араласуға шақырады. "Қазақтың төменгі табының азаматтары, сенсеңдер, енді қорғанбаңдар, именбеңдер. Еңбекшіл халық табының мұң-мұқтажын мына "Еңбекші қазақ" газетінде дамылсыз жазып тұрыңдар. Әр кемшілік мұң-мұқтаждарыңа "Еңбекші қазақ" газетінің жүзінен жауап, кеңес, нұсқа, баяндама аласыңдар. "Еңбекші қазақ" газеті сендердікі", - деп жазды Сәкен. Сонымен қатар осы жылдары С.Сейфуллин ұлт жанашыры ретінде де газет бетінде публицистикалық мақалалар жазып, нақты ұсыныстар жасаған. Одан мына мақалалардың аттары-ақ хабар береді: "Октябрь төңкерісі һәм ұлт мәселесі", "Ұлт мәселесі туралы баяндама", "Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек". Әрине, Сәкен партия мүшесі ретінде ұлттық мәдениеттің дамуын таптық идеология тұрғысынан қарастырған. Сондықтан да, оның әдебиет тарихына, әдеби мұраға байланысты көзқарастарында партиялық принцип сақталған.
Қазақ ұлт зиялыларының мәдени саладағы қарымды қызметіне кедергі болған осы партиялық,таптық идеология болды. Оны заманның айнасы болған әдебиеттің сол жылдардағы жағдайынан анық байқауға болады. Егер Орынбор қаласындағы әдебиетшілер, негізінен, Сәкеннің маңына топтасып, "пролетарлық бағыт" жолына түс- кен болса, ал Ташкентте шоғырланған алаш зиялылары "Ақ жол" газеті мен "Шолпан" журналының төңірегіне жиналыл, ұлттық-демократиялық бағыттағы шығармашылықпен айналысқан болатын. Қалыптасқан осы жағдайдың өзі әдебиетті саяси тартыстың алаңына айналдыра бастады. Екі бағыт та бір-бірін қатты "сынға" алып, баспасез бетінде шыққан мақалаларымен жұртшылық назарын аударды.
Сол жылдары большевиктік идеология әдебиеттің партиялылығын сақтауға және оны барлық әдеби бағыттардан талап етуге тырысты. Сондықтан да 20-шы жылдары жалпы мәдениет, әдебиет мәселелеріне байланысты жазылған мақалалар төңірегінде талас-тартыс туындап, онда таптық мүдде қай деңгейде қарасты- рылған соған аса көңіл бөлінді. Алдымен "Әдебиет тап құралына" айналғаннан кейін қазақ қаламгерлерінің арасына жік түсіп, бір-бірімен қызу таласқа түсті. Ол кезде қазақ зиялыларының әдебиетке қалам тартпағаны кемде-кем болатын. Сөйтіп, біреулері – оңшыл, екіншілері – солшыл, үшіншілері – жолбике, төртіншілері – ұлтшыл, т.б. атақтарға ие болып қазақ зиялыларының арасында бірлік емес өшпенділік қоздырылды. 20-ші жылдардың басындағы қазақ ұлттық мәдениетінің тарихында елеулі рөл атқарған "Ақ жол" газеті. "Шолпан" мен "Сана" журналдарына қарсы саяси науқан ұйымдастырылды. Ташкентте шығып тұрған осы басылымдарға өз шығармаларын шығарып тұрған Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгеров, Мұхтар Әуезов, т.б сияқты қайраткерлерге "ұлтшылдар" деген айдар тағылып, қоғамдық, мәдени өмірден ығыстырыла бастады. Партияның таптық саясатының нәтижесінде ұраншылдық, солақай сын, әсіре тапшылдық көзқарас, мәдениет пен саясатты бірыңғай қарастыру сияқты құбылыстарға жол берілді.
Сонымен, 20-шы жылдары алаш зиялылары мадениеттің әр саласына атсалысып, қатаң идеологиялық қысымға қарамастан, халқының қажетіне қызмет етті. Көркем әдеби туындылардан басқа тек әдебиет саласында "Аламан", "Тарту", "23 жоқтау" атты жинақтар, қазақ тілі мен әдебиетіне, ғылым мен білімнің көптеген салалары бойынша оқулықтар жазып жариялады. Қазақ әдебиеті тарихына қатысты С.Сейфуллиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Х.Досмұхамедовтің мақалалары жарық көрді. Ауыз әдебиеті саласындағы ой-пікірлер М.Әуезовтің "Әдебиет тарихы" (1927), Х.Досмұхамедовтің "Қазақтың халық әдебиеті" (1928, орыс тілінде) атты іргелі зерттеулеріне ұласты. Бұл кітаптарда қазақ халқының ауыз әдебиеті тұңғыш рет жүйеленді, жанрлық жіктеуге түсті, мазмұны мен көркемдігіне талдаулар жасалды. Қазақ мәдениеті үшін 1926 жылы жарық көрген А.Байтұрсыновтың "Әдебиет танытқыш" атты кітабының ерекше маңызы болды. Себебі, бұл кітап қазақтың эстетикалық ой-пікірін жинақтап, әлемдік сөз өнері ғылымымен байланыста қараған бірден-бір ғылыми еңбек болатын.
20-шы жылдардың аяғында елде сталиндік тоталитарлық жүйе белең алып, алаш зиялылары қуғын-сүргінге, қудалауға ұшырай бастады. Ендігі кезеңдегі мәдени өмірде оқығандардың тек таптық идеологияны жан-тәнімен қабылдап, сталиндік жүйеге беріліп қызмет ететін өкілдері қалды.


АХМЕТОВ Қ. Алаш ағартушылары // Солтүстік Қазақстан. - 2017. - 7 желтоқсан. - С.7