Мағжан и Алаш - Магжан Жумабаев

Мағжан и Алаш

  Тағдырдың жазуы осылай болған, жас ақынның тұңғыш жинағынан бастап, 1912 жылдан бері Мағжанның әрбір өлеңі, әрбір жинағы елеусіз қалмаған екен. Мағжанның бағы да осы, соры да осы. Тарихта әр сөзі ескерусіз қалмаған, досын сүйіндіріп, дұшпанын күйіндірген мұндай ақындар сирек.

       Мағжантанудың ұзақ көшінің басында алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғанын айту парыз. Ол жер бетінде қазақ деген халық барын, бұл халықтың тәуелсіз болып, өз тағдырына өзі иелік жасауға құқы бар екендігін көрсете келіп, соның дәлелі ретінде Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғалардың қатарында Мағжанды да атап, оның:

 

 

Таң, күн деген жер жаны,

Бұл екеуісіз жоқ сәні,

Оқу-білім ер жаны,

Жараспас ерге құр жаны...

 

- деген сөздерін келтіріп: «Осындай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады», - деп тебіренеді. Бұл сөздерді Әлекең 1913 жылы жазған.

       Қазақ тарихында, әдебиеті мен мәдениетінің тарихында «Қазақ» газетінің орны ерекше. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Міне, осы газетке Мағжан өзінің көп өлеңдерін жариялаған, баспасөз арқылы халқына қызмет еткен. Мағжанның шығармашылық өмірбаянының да толық, шын ғылыми тұрғыда жасалатын күні де алыс емес шығар. Мысалы, сонда қазір «Мен жастарға сенемін» деген тақырыппен көпке тараған өсиет өлеңнің 1918 жылы осы Қызылжарда шығып тұрған, қазақтың жастар баспасөзінің тұңғышы «Жас азамат» газетінің бірінші санында, бірінші бетте басылғанын да айтамыз Халықтың келешегі үшін күресетін, оның алдағы тағдырының қандай болмағын айқындайтын көзі ашық, жаны таза, саналы жастар екендігін бұл басылым әуелден-ақ жария етті. Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай. Өлеңнің беташары ретінде Мағжан мынадай сөздер жазыпты:

       «Жастар! Алда жүрген, Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы - зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» - дейді де өзінің «Жастарға!» деген өлеңін басқан. Бұл өлеңнің кейбір шумақтарын келтірейік:

 

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!..

... «Алаш» - айбынды ұраны,

Қасиетті Құраны.

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін!

Тау суындай гүрілдер,

Айбынды Алаш елім дер.

Алтын Арқа жерім дер

Мен жастарға сенемін!..

...Мен сенемін жастарға!

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда!

Мен жастарға сенемін!

 

       Смағұл Садуақасов айтып, ел аузында қанатты сөзге айналған: «Мағжан - қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген бағаның түп-тамыры, бәлкім, осы бір отты-жалынды өлеңде жатқан шығар.

       Үлкен тебіреніспен, жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буырқанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. Әнұран, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын тегеруінді шумақтар көкірегінде сәл ғана шоғы бар жас сананы жалындататын арыны күшті көрік еді.

       Мағжан өмірінің аса бір шиеленісті кезеңі 1922 жылы-ақ басталды. Ұлты жоқ тексіз, «әлемдік пролетарлық революция» деген адамның ойына сыймас қиялды күйттеген қайдағы бір жалаң аяқ пролетариаттың диктатурасы туралы сандыраққа сенген тобырдың идеологиясының аясына сыймайтын Мағжандай алып ой иесіне ұлтшылдық деген қара таңба басылды. Мен мағжантанушылардың назарын мынаған аударғым келеді.

       Қай жерде, қай өлеңінде, қай жинағында Мағжан социализмге, кеңес құрылысына, большевиктік партияға қарсы ашық шығыпты? Халықты, тіпті өз оқырмандарын дейікші, Кеңес үкіметіне қарсы қалай үгіттепті? Мысалы, мына мен ондай үгітті Мағжанның өлеңдерінен таба алмадым. Ал әркім өзі жеткен деңгейде, арамдық ойлап, қастық пиғылмен сығалай қарап, көрсе, бәлкім «тауып қалар». Бірақ ол тапқаны қылмысты жауапқа тартуға, жазғанын бастыруға тыйым салуға негіз бола қояр ма екен? Бұл туралы Мағжанның өз сөзі мынау:

 

«Жау» деген - жаудық жаласы,

Әділ болсақ, өмірімді

Ақтарып әділ қарашы.

Отыз жыл өмір бойында,

Жазғанымды жайып сап,

Екі жар ғып санашы

 

       Мағжанның жазығы - жаңа ғасырдың көк жиегінен зор ақындық қуатпен жарқ етіп көрінуі еді. Мағжан тұрғанда, оның өлеңі ел құлағында жүргенде ақынмын деп, өлең жазамын деп айту әркімге оңай болмаған. Бұл ақынның мысы өзге өлеңшілерді басып кетті, өнердің төресі өлең өлкесіне Мағжанды таптап қана өтуге болатын еді, ақындықтың дәрежесін Мағжаннан асыру керек еді. Ол қиын міндет, бәлкім мүмкін де емес. Демек, Мағжан тірі тұрғанда «терезеден қараймын, қарындашты жалаймындардың» бағы жанбайтын еді. Олар, Мағжанның мүрдесін басып қана, оның өлі денесін итеріп тастап қана орнын иелену мүмкін еді. Әйтпесе, Кеңес билігі тұсында Мағжан саяси күресті машық еткен емес, ешкіммен айтысқан жоқ, тартысқан жоқ. Патша заманындағы отаршыл үкімет он тоғыз жастағы Мағжанның өз халқын теңдікке, азаттыққа үндеген дауысынан қорықса, Кеңес үкіметі аты көпке танымал, «Қазақ жастарының ой санасының әміршісі» (С.Садуақасовтың сөзі. З.Т.)

       Мағжанның үндемеуінен, «жасасындап» жар салмауынан сескенді.

       Ол ұлтшыл еді. Мағжан да, алаштың басқа да көсемдері өздерінің ұлтшыл екендігін жасырған жоқ. Тіпті, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес». Әлбетте, көзі жаңа ашылып келе жатқан қазақ зиялылары, солардың ішінде, мысалы, Мағжан Жұмабайұлы «пролетариат диктатурасын» қос қолын көтеріп қолдауы керек пе еді? Әлде құлдықтан жаңа босаған қазақ халқының мұңын жоқтауы керек пе еді? Бүгінгі жас ұрпаққа біз осыны ашып түсіндіруіміз керек.

       Мағжантанудың күрделі проблемаларының бір арнасы Мағжанның өз кезіндегі басқа ақындармен, қайраткерлермен қатынасы. Бұл мәселенің шешілмеген жағдайлары әлі де көп. Өздеріңіз сезіп те отырсыздар, Мағжан мен Сәкен, Мағжан мен Сәбит, Мағжан және оның жас ізбасарлары (Қасым, Әбділдә, Қалижан т.б.) арасындағы қатынастарды бүгінгі жастар өз бетінше шеше алмайды. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Ал біздің арымыз таза болу үшін, жастарға ақиқатын айтып кететін кез осы деп есептеймін.

       1989 жылдан бергі қарай, сол шыққан үлкен жинаққа Әбділдә Тәжібаев алғы сөз жазып, өз замандастары атынан тарих алдындағы кінәсін мойындағаннан бері Мағжан туралы бірқатар шаруа жазылып, басылды. «Мағжанға әркімнің-ақ бар таласы». Бұл заңды да. Мағжан туралы білгенін, естігенін өз дәрежесі, қарым-қабілеті деңгейінде әркім жазып жатыр. Бұдан былай да осылай бола бере ме? Мағжантанудың ғылыми деңгейін тереңдетіп, өрісін кеңейтетін уақыт келді. Құр тамсанып, таңданып, мақтай бергеннен, бұрын қалыптасып қалған жалған ұғымдарды қайталай бергеннен Мағжанның атына да, ғылымға да пайда жоқ.

       Мағжан өз халқының ел болып, еркін дамуын аңсады. Оның шығармаларының сара тақырыбы - қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны - қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып сол тәуелсіздік үшін күресті. Туған халқының бостандыққа шығу жолын көрсетеді. Сол үшін мерт болды. «Оян қазақ!» деп жар салған ұстазы Міржақып Дулатовқа үн қосты.

       Ал билікті Кеңес өкіметі алып, Қазақстан автономиялы республика дәрежесінде отау тіккенде: «Алаш елінің бостандығы ешбір уақыт алаш мырзасының яки бірлі жарым жолдастың бостандығы емес. Бостандық елдікі! Автономия елдікі! Автономия жолында малды, басты құрбан қылдым» деп қазақ оқығандарының қайсының болса да айтуға хақысы жоқ... «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған» Ер қазақтың автономиясы, бұл!» - деп сонау 1921 жылдың қаңтарында жар салған Мағжан болатын. Міне, осыны айтуымыз керек бүгінгі ұрпаққа.

       1920 жылы жазған «Жан сөзі» Мағжан әкесінен қарғыс алған соң, қаражат бермей қойған соң туған деген мүлде қате пікір, бәлкім, білместік. Бұл - ақынның өз тағдырына, өзінің алау жүрегіне деген нала сезімі. Өлеңді оқыған адам бұл жолдардың Мағжанның әкесі Бекмұхаметке ешқандай қатысы жоқ екенін көреді.

       «Мұғалімдер семинариясын алтын медальмен бітірді» деп ойдан шығармаса да, Мағжанның беделі биік. Ондай медаль болмаған. Осындай ойдан шығарылған қисынсыз сөздер мағжантануға пайда әкелмейтінін бірнеше тұстан көреміз.

       «Өмірбаянды» жазушылар «Алашорда» атты партия құрылып» деп сипай қамшылағанда «Алаш» партиясының, тәуелсіз «Алашорда» үкіметінің тарихи орнын көргісі келмейді! «Алашорданы» отаршыл шовинистер мен большевик жазғыштар көргісі келмесе де, тарих ақтап шықты. «Алашорда» - біздің ардағымыз. Мағжандар біздің рухани көсеміміз. Бүгінгі тәуелсіздік сол Алашорда идеясының жемісі.

       Және де Алашорда сияқты қасиетті ұғымды дәлелдеу үшін авторлар Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуіне» сілтеме жасап, қатты қателескен. «Алашордаға» сайланғандар: «...Мағжан Жұмабайұлы - оқыған жігіт, Бөкейханұлдарының ертегісіне нанып жүрген кедей баласы» деген үзіндіні Мағжан өмірбаянын жазушылар қандай мақсатпен алса да, Алаш көсемдерінің аруағы алдында кешірілмес күнә жасаған. «Тар жол, тайғақ кешудің» беттерінде Алаш көсемдеріне жабылған жала және оның зардаптары қандай болғанын кейінгі ұрпақ біледі. Енді сол кітаптың үзіндісі арқылы қазақтың ұлтшыл Мағжанның да туған еліне қазір де жат етіп көрсеткісі келгендер не ойлады екен?

       Мағжанды «Бостандық туы» газетіне редактор еткісі келгендерді де түсіну қиын. Рас, бұл газетті, тіпті оның алғашқы нұсқасы «Кедей сөзін» де Мағжан өз қолымен құрды. Қазақ халқын тапқа бөле-жармау керектігін насихаттап, көптеген мақалалар жазды. Ал партиялық газеттің редакторы коммунист болуы керектігін, бесіктегі бала да біледі. Рас, түрмеде отырғанда «редактор болдым» деп өзінің жазғаны бар. Бірақ ол «бір шарапаты тиер ме екен?» деген тұрғыда, тергеушілерді сендіру мақсатында шарасыздықтан жазылған. Редактор болмаса да Мағжан деген атының өзі қазақ халқына жетіп жатыр ғой.

       1922 жылы Мағжан Ташкентке бас сауралап, пана іздеп барды. Алаш қайраткерлерінің арасына сіңді. «Ташкенттегі кезін - ақын ретіндегі ең өнімді жылдар дегенде», Ш.Елеукенов жазғандай «1922-23 жылдар Мағжан үшін Болдино күзіндей жемісті болды» дегенде, қан жұтып, қайғырып, қуғын көріп жүрген Мағжан тағдырын түсіне білмегендік. Ол шабыты шалқып, көңілі көтеріліп қалам тербеген жоқ. Асықты. Берерін беріп кетуге ұмтылды. Аз күн еркіндіктің мезгілі ұзақ емесін білді. Бәз біреулер жазып жүргендей Мәскеуге де оны Луначарский шақырған жоқ. Қазақтың кең даласына сыймай, «Сайында саяқ құрлы пана таппай» кетіп қалуға мәжбүр болды. Онда Әлекең (Ә.Бөкейханов) бар еді. Оқуды сылтауратып, бой тасалаған Мағжанның жағдайын түсіну керек еді ғой.

       Бірақ өз қандастары оған Мәскеуде де тыныш таптырмады.

       1924 жылы 24-қараша күні «әдеби сын» дегенді ұйымдастырып, жазықсыз жанды «итке талатқандай» етті. Соның нәтижесінде Мағжан кітаптары да тұтқындалды. Қызылжарда, мысалы, Ж.Тілеулиннің үйі де тінтілді. Міне, Мағжанның көргендері осы еді.

       «Мәскеуде аударма жұмыстарымен көп шұғылданды» дегенде ақынды аудармашылық таланты тасып, немесе саяси шабыты асып бара жатпағанын. Ол жан сақтау үшін, қаламақы табу үшін «Шығыс» баспасының жоспарындағы шығармаларды алып, аударды.

       1927 жылы елге оралу себебі де, Қазақстандағы коммунистердің түртпегі мен өсегінің салдары еді. Оны Мәскеуге тұрғызбады десек, шындық осы болады.

       Міне, 1989 жылғы жинақтың соңына қосылған «Өмірбаянның» қасақана бұрмаланған жағдайы осындай. Осы қателік күні бүгінге дейін түзетілген жоқ.

       Мағжантанудың жуан ортасында Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Қошмұхаммет Кемеңгеров, Нәзір Төреқұлов, Ғаббас Тоқжанов, әрине, Сәбит Мұқанов тұр. Осы тізімнің өзі-ақ, аталған адамдардың қазақ тарихынан, қазақ әдебиетінен, ұлттық ақыл-ойдың тарихынан алатын орнына қарап-ақ Мағжанның бейнесіне, ақындығына деген ықыластың және қарсылықтың қаншалықты күшті болғанын шамалауға болады.

       Бұл арада Сәбит Мұқановтың Мағжан ақынның жеке басы, қайраткерлігі, ақындығы туралы айтқандарын, жазғандарын тарихи тұрғыда әділ бағалайтын уақыт жетті. Оны кезінде коммунистік идеологияның жаршысы, тапшыл күрескер болды, сол себепті солақай социологиялық сынға ұрынды, т.с.с. деп жауырды жаба тоқып, ақтап келдік. Тіпті, Мағжанға көмектеспек болғаны үшін жапа шеккен немесе «Ақындығы жағынан Мағжан Абайдан артық» деп айтқан, әділ бағасын берген сыншы ретінде көрсетпек болдық...

       Біздің айтарымыз, екі қайраткердің арасына ара ағайындықтың, жеңгетайлықтың керегі жоқ. Сәбит Мұқановтың өзін оқиық, өзін сөйлетейік. Егер, 1920-1930 жылдарда асыра әсіре айтқанынан қайтыпты десек, кейінгі 1958-1963 жылдары қайталап, нығарлап жазған «Есею жылдарын» оқиық Мағжан ақталған 1960 жылы «Жұлдыз» журналының 8-санында: «Үміт Балқашевқа хат» деген үлкен мақала басылған. Сонда бәрі ашып айтылған. Мемлекет заңымен ақталғаннан кейін «Мағжанға 30 жыл бойы неге қолымыз жетпеді?» деген сұрақтың жауабын содан табамыз.

       Ал Мағжанды ақтап алуға бел шешіп кіріскен адал ниетті азаматтар кезінде аз болмаған. Олар ҚазМУ-дың профессорлары Бейсенбай Кенжебаев, Хайролла Махмудов, Темірғали Нұртазин болатын. Бірақ олар жеңіске жете алмады. Мағжан шығармаларын орыс тіліне аударып, орыс тілді оқырмандардың пікірі арқылы табиғи түрде ақтап алуға ұмтылған Ілияс Омаров, Иван Шухов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әнуар Әлімжанов, Александр Жовтис сияқты жүрегі адал, Мағжан ақын сияқты асылдың қадірін түсінген азаматтардың есімін ұмытпау керек.

       Мағжанның күнәдән пәк есімін өз халқына қайтару үшін беделін салған, билік орындарына хат жазып, дәлелдеген башқұрт азаматы Сәйфи Құдаш. Ал «Әдебиет үшін» деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалатын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін», - деген Мұхтар Әуезов, Мағжанды Европаның әлем таныған ақындарымен қатар қойып, оның «...культурасын, әшекейін сүйген» Мұхтар Әуезовтің де өз басын әрең сақтап, тапшыл, қаратабан сыншылардан қорғалап: Мағжан «революцияның алғашқы жылдарында пантюркистік, ұлтшылдық саналарды дамыта түсіп Шыңғыс ханның, Ақсақ Темірдің, Кенесарының аттарын да әйгілеп айта бергісі келген», - дегенін түсінейік.

       Ғабит Мүсірепов: «...байшыл-ұлтшыл ақындар насихаттаған сарындама-социалдық романтизм емес. Ол сарындаманың жемісі Мағжанның «Батыр Баяны», «Ертегісі», «Түркістаны», «Жүсіп ханы» болатын. Сарындаманы ұсынған ұлтшылдар сарындай-сарындай аруаққа, жынға, құдайға жалынатын мистикаға келген. Бұлардың бәрі қазақтың ескі хандық дәуірін үгіттеп, қазақты баяғы таз қалпына шақырған, ұлтшыл-байшылдардың саяси сарыны болып шыққан», деп 1932 жылғы баяндамасында айтты да, кейінде осынау жетесіз желіні одан әрі тарқатпай, тізгін тартуға азаматтығы жетті.

       Есімізде болсын, Мағжан Сәкенмен, Ілияспен, Бейімбетпен бірге сонау 1960 жылы-ақ ақталған болатын. Үш арысқа көрсетілген ғажайып құрметтің Мағжанға ұшығы да тиген жоқ. Мағжанның есімі де аталған жоқ. Дәл қазір кімнің кім екенін тарих өзі тергеп, екшеп, шындығын шығарып жатыр. Ал мағжантанушылардың өз сыры өз ішінде. Бұлай бола беруі мүмкін емес. Мағжанның шығармашылық өмірбаянындағы үлкен түйткіл оның 1922 жылдың күзінде Қызылжардан кетіп қалып, Ташкентке баруы. Мағжанның бұл кетуі оның бүкіл шығармашылығының, кейінгі бүкіл өмірі күйреуінің басы еді. Қазіргі әдебиеттерде:

       а) Әкесі Бекен Мағжанға Қызылжар қаласының ауқатты тұрғыны Қуанышбаев Дәулидің Жәмилә атты қызын айттырады. (Сонда 29 жастағы атақты ақын, басы бос, өзі көркем, орысша-қазақшаға бірдей, білімді Мағжан сияқты азаматқа әкесі қалыңдық іздеп пе?).

       ә) Мағжан қалыңдығына бармапты, өзінен бірнеше жас үлкен Зылиқа деген жесір әйелмен бірге бет ауған жаққа кетіп қалыпты. Кейбіреулер ойдан ұйқастырып, оны Челябі қаласының мейманханасынан табады.

       б) Марқұм Хамза Абдуллиннің жазуына қарап: «Мағжан 1919 жылы «Кедей сөзі» газетінің редакторы болды... 1922 жылы Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың шақыруы бойынша Ташкентке келіп, онда қазақ-қырғыз оқу-ағарту институтына аға мұғалім болды... 1923 жылы Кеңес наркомы А. Луначарскийдің шақыруымен Мәскеуге келіп, онда Шығыс коммунистік университетінде сабақ берді» деп жүргендер баршылық...

       Иә, Мағжанның ұлы сүрең, үлкен қуғынға ұшырауы, пролетариат диктатурасының қанды қолынан қаза тапқанға дейінгі қайғылы өмірі осылай басталған.

       Мағжан Петропавлдан (Қазақстаннан) неге кетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін сол 1921-1922 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси, қажет десеңіз, құқықтық жағдайын егжей-тегжейлі тексеріп шығу керек. Өйткені Мағжан сияқты көрнекті тұлғаның тағдыры, қызметі, шығармашылығы өзін қоршаған ортаның жағдайымен сабақтас, тамырлас болатын.

       Қазақ республикасының құрылуын Мағжан қуана қарсы алды.

       Колчак үкіметі күшпен таратқан Алашорданың қайраткерлері кеңестік жүйенің аясында да өз халқының игілігіне қызмет етуге бел байласты. Олар жаңа құрылыстың саяси бағытының қандай екеніне қарамастан, қазақ халқын отарлық езгіден құтқарып, ел қатарына қосуға жан сала ат салысты. Бірақ өзінің қазағы, өзінің Отаны оны сыртқа тепті, басын жойып тынды...


Сыздықұлы З. Мағжантану мәселелері. // Таңшолпан, 2009.- №2 (Үзінді)