Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қызметі архив құжаттарында - Магжан Жумабаев

Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қызметі архив құжаттарында

Қазақтың ұлы ақыны, азаттық үшін күресте жанын қиган аяулы ұлдарының бірі - Мағжан Жұмабаевтың ардақты аты арамызга оралгалы отыз жыл болып қалды. Осы кезеңде, әсіресе коммунистік идеология құрсауынан босанып, тарихи дамудың Тәуелсіз жолына түскеннен бері, Мағжан есімін қастерлеп, ақынның өмірі мен шығармашылығы жан- жақты зерттелуде. Әлеуметтік әділетсіздік құрсауын бұзып шығып, «Гуннан туған Күн ұлы» екендігін архив деректері арқылы дәлелдеп, Мағжан біздің заманымыз үшін де «Жастардың ой-санасының әміршісі» екенін өз халқы ғана емес бүкіл Түркі әлемі мойындап отырғанын халықаралық «Түріксой» ұйымының биылғы 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялауы дәлел екенін көреміз.

Кілт сөздер: Мағжан Жұмабаев, ақын, Алаш қайраткерлері, Қызылжар, архив

Құжаттарға іздеу жүргізіп, анықтап, көзі көргендер мен туған-туыстарының естеліктері, ғалымдар мен өлкетанушылардың газет және журнал беттерінде Мағжан Жұмабаев (1883-1938)жөнінде жаңа деректер, оның өмір тағлымын, азамат, ақын, қайраткер тұлғасын ашуда жаңа қырларынан көрсетеді.
Мағжанның оқуы мен қызмет етуінде туған өлкесі Қызылжардың орны ерекше. Қызылжарда Мағжанның тамаша туындылары шықты, осында жанын тербеткен шабытпен Мағжан биіқ поэзия әлемінде талмай қалқып, алып ақынға айналды [1].
1915 жылы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде Мағжан жерлес досы Бекмұхамед Серкебаевпен, башқұрттың көрнекті ақын-жазушылары Шайқызада Бабич және Сәйфи Құдашпен оқуын жалғастырды:
«Шайқызада мен Мағжан екеуі біздің медресе мақтаныштары болды. Шығыстың барлық білімін меңгерген жас Мағжан өз замандастарын таң қалдырды. Ол араб-парсы және түркі текті тілдерді жетік білді - дейді Бекмұхамет Серкебаев өз естелігінде [2].
1912 жылы Қазанда Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш өлендер жинағы басылып шықты.
Қазір біздің қолымызда ақынның баспадан шыққан тұңғыш өлендер жинағы да бар. Бұл 1912 жылы Қазан қаласындағы Каримовтер баспаха- насында басылып шыққан «Шолпан» кітабы. Кітап Қазақстан Ғылым академиясы әдебиет және өнер институтының ғылыми кітапханасының қолжазба бөлімінде сақталған. Осыған дейін әдебиет пен өнер зерттеушілері бұл басылымның елімізде сақталғанын білмей келген.
Мағжанның «Шолпан» өлеңдер жинағының тарихына келсек, жас ақынның әдемі өлеңдер жазып жүрген талабын ұстазы Ғалымжан Ибрагимов аңғарған. Ғ.Ибрагимов Мағжан өлеңдерінің,қолжазбасын Қазандағы Каримовтар баспаханасына тапсырады, ол 1912 жылы кітап болып басылып шыққан.
Абайдың өлендер жинағы 1909 жылы Петербургте басылып шыкса, іле сала
жас Мағжанның кітабының жарық көруі оның танымал болып келе жатқан ақын екенін көрсеткен еді.
Міне, енді сол Мағжанның алғашқы өлендер жинағымен баршамыз
танысуға мүмкіндік туып отыр.
Кітаптың бас тақырыбының астына төрт жол эпиграф берілген:
Жетсе егер қорқынышты қара түнім,
Басса от, тілім қурап, шықпай тәнім.
Көңілашар, кеудеме жан кіргізер
Өлең- менің Шолпаным, Күнім, Айым.
Жинаққа автордың отыз өлеңі кірген: «Өлең», «Ант қайда?», «Жатыр», «Жазғы таң», «Атақты ақын, сөзі алты, хакім Абайға», «Сорлы қазақ», «Туған жерім - Сасықкөл», « Бала мен түс», «Қазағым» «Бұлбұл» және т.б.
Кітап 50 беттен тұрады. Соңында осы баспаханадан шыққан қазақ тіліндегі кітаптардың жарнама тізімі берілген.
Уфадан оралған Мағжан, қазақтың азаматтық ұраны болған «Оян қазақ!» өлендер жинағының авторы Міржақып Дулатовпен кездесіп, онын кеңесімен орыс және әлем әдебиетінің шығармаларымен танысады.
1917 жылдардағы Ақпан, Қазан төңкерістерін де Мағжанның саяси қызметі басталды.
1917 жылы сәуірдің 25-нен мамырдың 7-не дейін Ақмола, Атбасар, Омбы, Петропавл уездерінің делегаттары Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ съезін өткізді. Алаш қайраткері Ережеп Итбаев бастаған ұйымдық комитет жұмысына Мағжан Жұмабаев қатысты. Мәжілісте 10 адамнан тұратын Омбы облыстық қазақ комитеті құрылды. Төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев сайланды.
Сөйтіп, Қызылжар өлкесінде ұлттық мемлекеттік билік органдары қалыптаса бастады.
1917 жылы 21 шілдеде ашылған 1-ші жалпықазақ съезде Ресей мемлекеттілігі және оның құрамындағы Қазақстанның тағдырын қарап, «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынды. Съезде Ресей құрылтайына депутаттыққа кандидаттар тізіміндегі ұлт зиялыларының ішінде Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халелдермен бірге Мағжан да сайланды. Осылай Алаш саяси партиясының негізін қалаушылардың қатарында Мағжан Жұмабаев болғанын көреміз [3, 33-п].
Ал 1917 жылы желтоқсандағы бүкілқазақ I съезінде Алаш автономиясы жарияланып, Алаш Орда үкіметі құрылғанда оның құрамында Солтүстік өңірдің өкілдері болды. Олар: Мағжан Жұмабаев Айдархан Тұрлыбаев, Кошмұхамед Кеменгеров, Жұмағали Тілеулин, Ахмет Жанталин.
Мағжан өміріндегі аса бір бедерлі белес, оның қайраткерлігін айғақтайтын 1918-22 жылдар.
1918 жылы 30 шілдеде шыға бастаған қазақтың ұлттық баспасөзінің тарихында елеулі орны бар «Жас азамат» газеті ұлт тәуелсіздігін жақтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақжастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті болды. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген өлеңі осы газеттің 18 тамыз 1918 жылы 3-ші нөмірінде басылып шықты. Бұл өлең сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарламаболғандай дей отыра, осы өлеңнің бірінші рет жариялануы дейміз.
Өлеңнің беташары ретінде «Жас азамат» газеті мынадай сөздер жазыпты:
«Жастар! Алда жүрген, Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өрнек алындар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойландар. Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы - зиян деп жүрген, толық саяси хұқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойландар!» дейді, ал Мағжан өзінің атақты «Мен жастарға сенемін!» деген өлеңінде:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін!..
Мағжан Жұмабаев 1920 жылдың басында Омбыда шыққан «Кедей сөзі» газетінің және кейінірек Петропавлда жарық көрген «Бостандық туы» (қазіргі облыстың «Солтүстік Қазақстан») газетінің жауапты редакторы болып тағайындалды.
Сол газетте басылған «Автономия кімдікі?» мақаласында Мағжан 1920 жылы 26 тамызда жарияланған қазақ автономиясы: «Айлы, күнді, қанды, отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар - қазақтікі. ... Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!» - деп, халыққа сөз тастап, қазақтың осы мемлекеттік құрылымын нығайтуға шақырады [4].
Мағжан шығармаларында қоғамдық дамуды таптық жолмен қарауға қарсы шықты. Сондықтан да басылым атауының «Кедей сөзінен» «Бостандық туына» алмастырылғаны Мағжанның тікелей қатысуымен жүргізілгені туралы пікірді де колдаймыз.
1921-1922 жылдары Қазақстанды ашаршылық қамтыды. Ақмола губерниясында 1921 жылы наурызда 1021 мың адамның 472 мыңы аштыққа ұшыраған. Солтүстік Қазақстан облыстық архив деректері: «1921 ж. аяғында Аш босқындар күннен-күнге көбейіп барады. Петропавл және Атбасар уездерінде олардың саны отыз мыңнан асып кетті. Атбасар және Көкшетау уездерінде жергілікті 62 мың қазақ; пен 30 мың орыс аштыққа ұшырады. Ал 1922 жылғы қаңтардың алғашқы 25 күнінде Петропавлда 70 адам аштан өлді, 105 адам ісіп- кепті. Дәл қазір 70 адамның мәйіті тамақ пунктінің қорасында үюлі жатыр. Коммуналдық шаруашылық бөлімі кешеде аштан өлгендерді жинап, көмуге үлгере алмауда. Ақпан айында жағдай тіпті асқынып кетті. Күн суытты. Жер-жерден үрейлі хабарлар келіп жетті. Аштық пен ажал аранын ашып, Қазақстанның солтүстігінен, орталыққа қарай жылжи тарап барады. Оны тоқтатар күш жоқ сияқты.
Көкшетау уезіндегі болыстарда аш-арықтар саны 150 мың адамға жетті, оның ішінде 130304 адам мүлде аш. Әсіресе қазақ болыстары қатты күйзеліс үстінде. Аштар қайыңның қабығын, ағаштың мүгін, тіпті ұн араласқан топырақ жеуге мәжбүр. Атбасар уезінде арам өлген малдардың терісін, сүйегін кеміруде», - деп мағлұматтар береді [5, 33-п].
1922 жылы 5 мамырда Қызылжарда аштыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссияның мәжілісі болды. Мәжіліске Көкшетау, Атбасар, Петропавл уездерінде орналасқан қазақауылдарының қиын жағдайы тұңғыш рет баса көрсетілді. Қабылданған қаулыда Помгол комиссиясының құрамына қазақтардан адам кіргізу туралы Мағжан Жұмабаевтың ұсынысы қабылданып, ол аштыққа қарсы күрес комиссиясының төраға орынбасары болып бекітілді.
Сол күні, 1922 жылы 5 мамырда, М.Жұмабаев Қостанай губкомының өкілдері ретінде Любимов пен Ключковты Семей губерниясына іс-сапарға жіберу қағазына қол қояды.
Ертеңіне, яғни мамырдың 6-күні Иван Михайлович Бебен мен Георгий Елисеевич Сальниковты Петропавл уезі Вознесен болысы Надежда поселкесінің өкілдері ретінде Ақмола уезіне мал мен астық жинауға жіберіп, мандаттарына қол қояды.
Сол күні Мағжан аштыққа қарсы күрес үшін жедел түрде уездік Помголдың құрамына қазақ қызметкерлерін енгізу қажеттігін тағы да баса ай- тып, бұл жұмысқа Ерденов, Бегішев, Байғазин, Төкібаевті ұсынады [6,134-п.].
Мағжан мамырдың 22-күні Жакупов Ғалымның Сарыайғыр, Келтесор, Тайынша, Жамантұз, Торанғұл болыстарына аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетуге жібере отырып, нақты тапсырмалар берген. Жергілікті органдардың аштыққа ұшырағандардың тізімін, жедел түрде ақпарат беру, азық-түлік қорын есепке алып, аштарға дұрыс бөлінуіне, жиналған көмекті Помголдың рұқсатымен тарату қажеттігіне баса назар аударған.
24 мамырда мухтасиб Абдухаликовқа мұсылман халқынан көмек жинап, оның 25 пайызынПомгол қорына, 75 пайызын Қызылжардың аштарына тарату туралы құжатқа қол қойған.
1922 жылғы 9 маусым күні Помгол төрағасының орынбасары Жұмабаев губерниялық әскери комиссар Приморскийге қазақтың 100 жетім баласын және мүмкін болғанша орыс балаларын қамқорлыққа алуды сұрап, хат жолдайды [7, 238- п].
1922 жылғы 11 маусым күні Мағжан «Мир труда» газетінде мақала жазып, қазақ даласындағы аштықтың тұтас ұлтқа қатер төндіріп отырғанын көрсетіп, ащы шындықты жайып тастайды:
«-С осени 1921 года наша Акмолинская губерния сделалась ареной смертного шествия немого царя. С тех пор киргизы нашей губернии на почве голода переживают те же испытанья и страданья, каковым в течение двух лет подвергнуты их братья в верхних губерниях Киргизской Республики.
Перед мной лежат официальные отношения нескольких Киргизских волисполкомов Петропавловского и Кокчетавского уездов. Именалинский волисполком пишет: «В нашей волости голод начал сильно чувствоваться с ноября 1921 года. Все бедное население волости до осени, съев весь свой скот, всю зиму поголовно занималось скотокрадством. Небывалый джут прошлой зимы окосил почти весь скот, каковой сократился до 70 процентов. Люди пухнут и умирают....
На почве голода разрушается, киргизские хозяйства и сам народ
подвергнут нравственному разложению.
Пора услышать стон Сары-Арки и понять полное страданий жуткое молчание киргизского народа» [8].
Осылай жасанды туған аштықтың зардаптарына өкіметтің назарын аударып қана қоймай, Мағжан аштыққа ұшыраған халыққа тікелей көмек ұйымдастырудың бел ортасында жүрді.
Кеңес үкіметі Мағжанның бұл белсенділігін сырт қалдырмады. Алғашында ақынның шығармаларына тыйым салудан басталған қудалау, біртіндеп оның Қызылжарын тастап, бас сауғалауға мәжбүр етті.
Мағжан ғұмырнамасының іздері жақында Ресейдің әлеуметтік-саяси тарих архивінде (Мәскеу қ.) де бар екені анықталды. Айталық, 1917 жылдың наурызынан қарашаға дейін Ақмола облыстық қазақ комитеті ағарту бөлімінің меңгерушісі болған.
1922-1923 жылдары Ташкентте қазақ оқу-ағарту институтының лекторы (оқытушысы), Түркістан Республикасы мемлекеттік ғылыми Кеңесі құрған Қазақстанды зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары болған. Қоғам төрағасы Халел Досмұхаммедов, мүшелері: Мұхтар Әуезов, Мұхаметжан Тынышпаев, Александр Есполов. Қоғамның мақсаты - қазақ халқының мәдени дамуына жағдай жасау еді (қазақ тілі мен терминлогиясы, әдет-ғұрпы тарихы, ұлттықөнері, мектептерде сабақ беру, ғылым және өнер адамдарына қолдау).
1923 жыл Түркістан республикасының квотасымен Мағжан мемлекеттік стипендия алып, Мәскеуге оқуға кетеді. Онда Жоғары көркем-әдебиет институтында (3 жылдық) 1924-1925 жылдары оқыған.
Мағжанның өзі жазғандай, 1923 жылдың соңында Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне (КУТВ) штаттан тыс лектор қызметіне алынады.
Сонымен қатар, Мәскеудегі КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөліміне қызметке кірді. Өз шығармашылығымен қатар мекеменің арнаулы аудармасымен де айналысады [9].
Мағжаннның осы баспада басылып шыққан кітаптар тізімін айтсақ олар: «Сауатты бол» (Ересектердің сауатты болуына қолғабыс қылатын кітап), аудармалары: 2 бөлімнен тұратын В. Лениннің «Февральдан Октябрьге бет алу» (6000 дана), «Қара шаруа туралы» (8000 дана); .М.Горькийдің «Сұңқар жыры», Вс. Иванов «Төрт әңгіме», Кременский мен Лонковичтың кітапшалары бойынша «Күркіреу, найзағай, электр» (4000 дана ), Ж. Карревиннің «Дүниенің тарих, шаруа жағарафиясы» және т.б.
Мағжанмен бірге Мәскеуде Зылиха, қайын енесі Ғадам Жалтырова және он жасар інісі Сабыржан тұрған. Сабыржан Мәскеудің № 19 мектебінде оқыған екен.
1923-1924 жылдары М.Жұмабаев ұсынған «Табалдырық» манифесі жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қойгелдиев: «бұл Алаштың шығармашылық саласындағы ортақ ұстанымын білдірген бағдарламалық құжат болатын. Мағжан бұл құжатты Мәскеуде жүріп даярлап, елдегі түрлі орталықтарда жүрген белгілі қазақ зиялыларына, ең алдымен ақын, жазушыжәне журналистерге таратып, пікір білдірулерін, лажы болса баспасөзде жариялап, оны кең аудиториямен таныстыру жағын қарастыруларын өтінуі де сондықтан еді. «Табалдырықтың» авторы шығармашылық кемеліне жеткен Мағжан болатын, ал оның артында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов сияқты ұлт-азаттық күрестің көшбастаушылары тұрды. «Табалдырықтың» бағдарламалық күш-қуаты оның сол бір күрделі тарихи кезеңде қазақ қаламгерлері үшін ең өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз тұжырымдарын ортаға салуында еді. Сондай-ақ онда жасалынған тұжырымдар большевиктік билік ұсынған идеологиялық ұстанымдардан анағұрлым кең ауқымды еді, ал оның авторының жалпыадамзаттық құндылықтарды елеп-екшеу дәрежесіне көтерілгендігі анық аңғарылып тұрды. Манифестің ұстанымы: қазақ әдебиеті өзгеру жолында тұрған елінің өмірлік мәселелерінен тысқары бола алмайды, ол уақыт ағымындағы ұлттың қоршаған ортаға, түрлі өзгерістерге, тұрмысқа деген өзіндік көзқарас философиясы. Басқаша айтқанда, әдебиет – таза ұлттық құбылыс,- деді [10].
1927 жылы туған еліне қайтып оралып, 1929 жылға дейін Петропавлдағы қазақ педагогикалық техникумы мен кеңес-партия мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген.
Архивімізде тынымсыз жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде Мағжанның өзі толтырған анкеталық құжат табылды. Ақын бұл анкетаны 1927 жылы Петропавл қаласында орыс педтехникумында оқытушы болған кезінде толтырған. Құжаттың сұрақтарына жауап бере келіп, Мағжан; 1) Өзінің туған күні, айы мен жылын 1893 жыл 7 қараша, 2) Туған жерін - Петропавл уезі, Бейнетқор ауданы, алтыншы ауыл деп жазыпты.
Білімі туралы; 1) Омбыдағы мұғалімдер семинариясында төрт жыл оқып, 1917 жылы аяқтаған;
2) 1918 жылы мұғалімдер институтында оқығаны тың дерек;
3) Мәскеудегі әдебиет және көркем өнер инстутына 1923 жылы түсіп, екі жыл оқыған, бірақ оқу орнын аяқтамағанын осы құжаттан көріп отырміз.
Жұмысы: 1927 жылы Мағжан орыс педагог техникумында қазақ тілінен сабақ берген. Бір негізгі қызмет орны деп Петропавлдағы совет-партия мектебін атаған.
Ол анкетаны 1927 жылғы 12 желтоқсанда өз қолымен толтырып, құжат соңына Мағжан Жұмабаев деп өзінің қолын қойған [11].
Осынау жаңа мағлұматтар биылғы ақпан айының 15-20 күндері халықаралық Түріксой ұйымының ұйымдастырумен, ақын атамыздың туғанына 125 жыл толуына орай, Анкарада өткен халықаралық симпозиумда жария етілді.
Мағжан 1937 жылдың наурыз айында Алматыға келеді. Сол жылы 30 желтоқсанда қайтадан тұгқындалып, кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізіп, Жапонияның пайдасына шпиондық жасады деген жалған айыппен, ату жазасына кесіледі.
Тәуелсіздік алған халқымыз сүйікті ұлын, жыр пайғамбарын қолынан түсірмей, төбесінекөтеріп, тағзым етті. Ғасырлық мерейтойы Қызылжар жерінде республикалық дәрежедесалтанатпен атап етілді. Петропавлдың ең үлкен көшелерінің біріне есімі беріліп, қаланың вокзал бөлігінде еңселі ескерткіші орнатылды. Бір кезде өзі сабақ берген педтехникум орнындағы колледж де ұлы ақын атын алды. Оның кіндік қаны тамған Булаев ауданы Мағжан Жұмабаев атындағы аудан болып өзертілді.
Жыр пайғамбары Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы зерттеуі жалғасуда...

Пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тізімі:
1- Жұмабаев М. Туған жер. Петропавл, 2008. 382 бет;
2. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві (бұдан әрі - СҚМА). 1370-қор, 1-тіз.,1-іс;
3. СҚМА. 1616-қор, 1-тіз.,1-іс;
4. «Кедей сөзі», 1921 жылдың 12 қаңтары;
5. СҚМА. 1616-қор, 1-тіз., 1-іс;
6. СҚМА. 1616-қор, 1-тіз.,3-іс;
7. СҚМА. 1616-қор, 1-тіз., 3-іс;
8. Газета «Мир труда». 11 июня 1922 года;
9. РГАЛИ.Ф.596. Оп.1.Д.337;
10. «Солтүстік Қазақстан» газеті. 28 қазан 2009 жыл;
11.СҚМА. 2-қор, 1-тіз.,535-іс, 43-п.

Резюме

В данной статье, основанной на новом архивном материале, выявленном работниками Северо-Казахстанского государственного архива, описывается жизнь и деятельность Магжана Жумабаева, выдающегося поэта, публициста, члена Алаш орды.
Summary
In the аrtісІе bаsеd оn nеw аrchivаl datа revеаlеd bу the North Каzакһstan state агсһive the life and activities of Magzhan Zhumabaev, an outstanding poet, publicist, leader of Alash Horde, are described.

Сәуле Мәлікова,
Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің
директоры, тарих ғылымдарының кандидаты

 


Сәуле Мәлікова.Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қызметі архив құжаттарында.// Қазақстан архивтері. 2(46)2018 27-41беттер