Ұстаз тағылымы
Ұлттың еркіндігі мен азаттығы, бақыты мен теңдігі үшін күрескен Мағжан Жұмабаев - әдебиеттің жарық жұлдызы. Биыл туғанына 125 жыл толғалы отырған ұлт перзентін халық ақиық ақын ретінде құрмет тұтады. Бірақ оның XX ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ педагогикасының іргетасын қалаушылардың бірі болғаны жайында көп айтыла бермейді.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ардагер ұстаз Сабыр Сеңкібаевтың қызы Ботакөзбен бірлесіп жазған "Мағжанның ұстаздық әлемі" атты жаңа монографиялық еңбегі мағжантануға қосылған айтарлықтай үлес болмақ.
Автор - ақиық ақынның қиын да қасіретті өмір жолы жайлы көп ізденгендердің бірі. Ол - Мағжан тақырыбын ширек ғасырдан астам уақыт бойы зерттеп келеді. Соның нәтижесінде жарық көрген бұл еңбекке педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сая Досанова: "Ұлтымыздың ұлы адамдарының үлгі-өнегесі арқылы жастарды тәрбиелей алсақ, онда болашағымыздың берік, мықты болары сөзсіз. Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық дүниетанымын зерттеу мұнымен шектелмеуі қажет", - деп пікір жазыпты. Сөзінің жаны бар, Сабыр Тәлиұлы да ұлт жанашырының әдеби-педагогикалық мол мұрасын жүйелі түрде оқу-тәрбие ісіне енгізу арқылы өскелең ұрпақтың бойына адами қасиеттер қалыптастыруға мүмкіндік туатынын кітапта жан-жақты айтып өткен екен.
Үш бөлімнен тұратын еңбекте поэзия Пайғамбарының тәрбиелік ілімдері, "Педагогика" оқулығындағы тәлімдік ой-пікірлері, саяси-ағартушылық көзқарасы, Қазақстандағы 1920-1930 жылдардағы білім беру мәселесі, тағы да басқа өзекті тақырыптар қамтылған.
Мағжан Жұмабаевтың әдеби еңбектеріне шолу жасау барысында кітап авторы патриотизмдік рухқа толы ұлттық нақыштағы шығармалардың бала тәрбиесіне ықпалы зор екеніне көз жеткізгендіктен, өз ұсыныстарын да айтып өткен. Мысалы, ақынның балалық шағы туралы ғибратты әңгімелер, оның балаларға арналған өлеңдерін бастауыш сынып бағдарламасына енгізген жөн деп есептейді. Сондай-ақ, Мағжан мұраларын тереңірек тани түсу үшін педагогикалық оқу орындарында педагогика тарихынан арнайы сағаттар бөлуді ұсынады.
"Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең. Адамның жанына дұрыс тәрбие керек", - деген екен Мағжан Жұмабаев. Жаңа ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған тұста жастардың өз ұлтының құндылықтарынан көз жазып қалмауына ардагер ұстаздың да үн қосып, Мағжан педагогикасы арқылы атсалысуды көздегені - құптарлық іс.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, "Солтүстік Қазақстан"
ЫСҚАҚОВА А.,Ұстаз тағылымы // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 24 ақпан. - 8 Б.