Жұмағали Тілеулин - Магжан Жумабаев

Жұмағали Тілеулин

ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің бірі, дәрігер, педагог, журналист, «Алаш» партиясының белсенді мүшесі Жұмағали Тілеулиннің НКВД түрмесіндегі 1938 жылғы «№11020 ісінен» алынған, өмірінің соңғы сәтіндегі түрмеде түсірілген суретін көргенде мәскеулік жазушы Виктор Суворовтың (атақты «Ледоколдың» авторы) «Правда В.Суворова-2» деген жинаққа енген мақаласын есіме алдым. Онда жазушы НКВД жендеттерінің тағылығы фашистерден әлдеқайда қатыгез болған деп жазған еді.

       Сәкен, Бейімбет, Ілияс және т.б. мыңдаған адам Кеңес Одағының өз адамдары еді, олар өкіметке ешқашан қарсы шықпаған. Тіпті сол – Кеңес өкіметінің кірпішін өз қолымен қаласқан жандар болатын. Жұмағали да сондай. Олардың еш жазығы жоқ екенін НКВД жендеттері де жақсы білген, бірақ жоғарыдан түсірілген тапсырма (разнарядка) бойынша қайтсе де болмаған істі мойындату керек. Ал тапсырманы Сталин 1937 жылғы ЦК ВКП(б)-ның ақпан Пленумында: «С разоблачением злейших врагов народа Наркомвнудел опоздал, по крайней мере, на 4 года» деп көздей тапсырма берген еді. «Көсем» айтқан соң жан қала ма, қайтсе де, жоқ болса да «жауларды» табу керек. Ал «жау» деп қара халықты, оқымаған, ауылдан шықпаған жанды айта алмайсың, ендеше, жау көзі ашық зиялы қауым өкілдері болуы тиіс. Оларды қамап алып, ұрып-соғып, болмаған істі «мойындату» және бұл істе оның аузына барынша көп адамның атын салғызу арқылы Қазақстанда толып жатқан «троцкистік топтар мен шпиондық жүйелерді» тудырғанын біз бүгін жақсы білеміз. Ал фашистер өздерінің жауларын ғана қинаған. Әрине, олардікі де тағылық, бірақ «нквдэшникке» қарағанда…

       …1938 жылғы суретке оралайық. Ату жазасын орындаудың алдында жендеттер Жұмағали Тілеулинге де жұрттың бәрінің иығына фотоға түсіру үшін ғана ілетін үлкен размерлі костюмді, талайлардың мойнына жанасқаннан жағасы әбден кірлеген ақ көйлекті, қара галстукті тағып, мойнына «1938г. 168. Тюрьма НКВД КирССР. г. Фрунзе» деген тақтайды іліп, суретке басып алған. Түрмеге келмей тұрғандағы жылы түскен суретте жүзінен нұр төгілген, дөңгелек бетті, 48 жастағы жігіт қорлық пен зорлықтан әбден шаршап, дүниеге немқұрайлы қарап қалыпты. Тіпті бір көзін де зорға ашып тұрғандай. Ауыр азаптың қайтсе де тезірек аяқталып, өзін тезірек атқанына бейіл болған сияқты...

       Сонымен, Жұмағали Тілеулин деген кім еді? «Алаш» тарихын зерттеп жүрген азаматтар жақсы білгенімен, қалың көпшілік бұл есімді біле қоймайды. Сондықтан оның кім екенін тереңірек таныстырып өтейік.

       Жұмағали Тілеулин сол кездегі Ақмола облысы, Көкшетау оязы, Айыртау болысының Қарашоқ деген жерінде ауқатты отбасының шаңырағында 1890 жылы дүниеге келген. Қазір бұл жер Солтүстік Қазақстан облысының Ғ. Мүсірепов ауданына қарайды. Жұмағалидың әкесі Тілеулінің кіндігінен бес ұл тараған. Соның үлкені Шәймерден өз заманының озық ойлы адамдарының бірі болады. Ол осы өңірге «лөктір Құсайын» деген есіммен атағы шыққан атақты емші, әрі педагог Құсайын Темірбековпен дос болған. Құсайын өзінің ауылы Қараталда екіжылдық орыс-қазақ мектебін ашқан адам. Шәймерден ауыл молдасынан сауатын ашқан зерек інісі Жұмағалиды сол мектепке оқуға береді. Кейін, мектепті жақсы бітірген алғыр баланы Құсайын 1884 жылы өзі бітірген Омбының әскери-фельдшерлік мектебіне оқуға түсіреді. Бұл 1910 жылы болған оқиға еді, арада үш жыл өткенде, 1913 жылы Жұмағали бұл мектепті ойдағыдай бітіріп, фельдшер мамандығын алып шығады. Содан Қызылжар қаласындағы ояздық ауруханаға дәрігер болып орналасады. Осы жылы ол өзінің ұстазы Құсайын Темірбековтің қызы Райханға үйленеді.

       Айта кететін жәйт, Құсайынның мектебінде қазақтың талай талантты жастары сауатын ашқан. Соның бірі – атақты режиссер, жазушы Шахмет Құсайынов. Райхан да әкесінің мектебінде оқыған, көзі ашық қыз болады. Артынан ол Қызылжардың медбикелер мектебін бітіреді. Жұмағалимен екеуінің кіндігінен Ерік, Әзиз және Серік есімді үш ұл өмірге келеді.

       Жұмағали Тілеулин Қызылжар ауруханасында 1913 жылдан 1918 жылға дейін дәрігер болып істеген. Сондықтан оны Қызылжардың қазақтар арасынан шыққан алғашқы дәрігерлерінің бірі деп айтуға толық негіз бар.

       Омбыда оқыған жылдары ол көркемсөзбен де айналысып, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне денсаулық сақтау мен білім алудың пайдасы, ағымдағы мәселелер жөнінде танымдық, ағартушылық мақалалар беріп, халқының көзін ашуға жаны шырқырай ұмтылып жүреді. Бұл ісін ол Қызылжарда қызмет істеген жылдары да жалғастырып, газет арқылы қазақтың талай жақсылары мен жайсаңдарына да таныс болады. Оның қарапайым халыққа барынша түсінікті тілмен жазылған медициналық мақалалары күні бүгінге дейін құндылығын жоймаған. Мәселен, 1915 жылғы «Қазақтың» №99 санында шыққан «Науқас һәм оның емделуі» деген мақаласында: «Науқас деген нәрсе – дене мен науқастың себебінің соғысуы. Бұдан мұрат: денеге біртүрлі микроб кірсе, сол кірген жерінде керекті тамақ тапса, бір минөтте сансыз болып көбеймекші, одан қанға қосылып (нағыз күн көретін жері), дененің һәр бір клеткаларын жауламақшы. Бұған қарсы дене де қарманып, белгілі қанның ақ шаригі «фагоцит», тағы да өзге клеткалар мұнымен жауласпақшы. Бұл уақытта, кәдімгі патшалардың соғыс уақытында арнаған шығыны сияқты, бұл ағзалардың да шығыны көбеймекші: өйткені, соғыстың әскері – клетка, фагоциттерді артық тамақтандыру керек. Патша соғысында шығынның көбейгені – патшалықтың денесі болған қара халыққа тынышсыз тиіп, шаруа бұзылып, халық нашарланып, бұрынғы тұрмысы бұзылады. Мұнда да сол, дене бір суып, бір қызып, сау халін жойып, ауруға шалынуы осы секілді», деп түсіндіреді.

       Омбыда оқып жүрген жылдарында Жұмағали Мағжанмен де, Міржақыппен де танысып, дос болады. Бұл достық олардың өмірлерінің соңғы күніне дейін жалғасқан. 1909 жылы Жақаңның Уфадағы «Шарх» баспасынан атақты «Оян, қазақ!» кітабының шыққаны белгілі. Патшаның басқыншылық, отарлау саясатын әшкерелеген бұл кітаптың мазмұнын артынан білген жандармерия оны қуғынға салып, айналымнан алады. Автордың өзі де қуғын көріп, бой жасырынуына тура келеді. Сонда Жақаң Қызылжарға келіп, жеке адамдардың аудармашылық жұмыстарымен және қазақ балаларына орыс тілінен сабақ берумен айналысады. Осы кезде ол Жұмағали Тілеулинмен де танысқан. Жұмағали Жақаңның «Оян, қазақ!» кітабының қазақ үшін маңызды екенін тереңнен түсініп, оның 1 мың данасын өзінің басын қатерге тігіп патша жендеттерінен жасырып қалатыны да бар. Артынан, 1917 жылы патша құлап, бостандық келгенде бұл туралы Жақаңның өзі «Қазақ» газетіне жазған.

       Жұмағали Тілеулин ақындықтан да құралақан болмаған. Оған 1911 жылы «Айқап» журналының үшінші нөміріне шыққан «Жас туғандарымызға» деген өлеңі куә. Бұл ұзақ өлең:

 

Құрметті кейін келер жастарымыз,

Көсем боп өз бетіңмен басталыңыз.

Қор болған тұқымыңа жәрдем үшін

Қосылсын әр уақытта бастарыңыз,

 

- деп басталады. Оның негізгі мазмұны жастарға халықты мешеуліктен құтқару үшін оқу-білімді игеруге, ұйқыдан оянып, алға кеткен халықтардың өнерін үйренуге шақыруға саяды. Жұмекеңнің ағартушылық қызметіне толық тоқтала кететін болсақ, ол Кеңес өкіметі жылдарында да медицина саласында халыққа аса қажетті мақалалар жазып тұрған. Осы тақырыпқа қазақ тілінде бес кітап жазып шығарған, оларды да айта кететін болсақ, «Денсаулық» (Орынбор, 1923 ж), «Гигиена» (Орынбор, 1924 ж), «Жұқпалы науқастар мен оларға қарсы қолданылатын шаралар» (Мәскеу, «Центргосиздат народов СССР», 1926 ж), «Қотыр науқасы және онымен күресу» (Мәскеу, «Центргосиздат народов СССР», 1926 ж), «Гигиена», екінші сатылы мектептерге арналған оқулық (Қызылорда, Казмембаспа, 1927 ж). Сонымен қатар, Жұмағали д-р Глобаның «Көз ауруы», д-р Муралевичтің «Мерез ауруы», Е.Клотованың «Қолдағы хайуандардан адамға жұғатын науқастар» атты кітаптарын қазақшаға аударып, Мәскеуден бастырып шығарған. Медицина саласына сол жылдары ана тілінде Жұмағалидай көп пайдалы ақпарат әкелген адам кемде-кем шығар.

       1917 жылы Жұмағали Тілеулин Омбы қаласында болған Ақмола облысы қазақтарының арасында «Алаш» партиясын құру съезіне қатысады. Әрине, ұлтының жоғын жоқтаған партиядан озық ойлы азаматтың шет қалуы мүмкін де емес еді. Съезде Жұмағали партияның облыстық комитетіне мүше болып сайланады. Осы съезден кейін ол Әлихан Бөкейхановпен де жиі араласып, пікірлес болады. Ол екеуінің таныстығы бұдан көп бұрын басталған еді. Әлекең 1917 жылы Минскіден патшаның құлағанын айтып, Алаштың біраз азаматтарына жеделхат жіберген еді ғой. Соның бірі осы Жұмағали Тілеулин болған.

       Жұмағали «Алаш» партиясының жұмысына белсене араласып, оның тезірек құрылып, қанат жаюына көп жәрдем еткен. 1917 жылдың қараша айында ол партияның Қызылжар қаласындағы ояздық комитетінің ашылуына да мұрындық болып, өзі оның басшыларының бірі болып сайланады. Одан сол жылдың аяғында Орынбордағы ІІ Жалпықазақ съезіне Ақмола облысы делегациясының құрамында қатысып, сөз сөйлейді.

       Кеңес өкіметін құрған ұрдажықтар өздерінен басқаша ойлайтын жанның бәрін жау көрген ғой. Қолдарына билік тиіп, күшейе бастаған кезден-ақ олар «Алаш» партиясының мүшелерін де қуғынға салады. 1918 жылдың 12 ақпанында Қызылжардың ояздық денсаулық сақтау бөлімінде қызмет істеп жүрген Жұмағалиды да тұтқынға алады. Бар жазығы – «Алаш» партиясының мүшесі болғандығы. Түрмеде жатқан досына Мағжанның «Г…ға» деген тақырыппен Жұмағалиға арнаған өлеңі осы кезде шыққан:

 

Мейірімсіз тағдыр құрған торға түсіп,

Жапанда жатыр едік біз оққа ұшып.

Кеудеден таза ыстық қан сорғалап,

Қайырымсыз қара алқын жерді құшып.

Айрылып алтын ерік, ар-намыстан,

Қайрылмай қанат ағып бақ құсы ұшып.

Тас жүрек, көңілі қара жауыз жаудың

Қолынан құлдық, қорлық уын ішіп,

 

- деп келеді де заңғар ақын өлеңінің соңында үлкен көрегендік жасап:

 

Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің,

Күні ертең айбынды алаш жинап есін,

Көксегеннен көп заманнан тілегіңді

Жарыққа шығаруға жұмсар күшін,

 

- деп қорытынды жасайды.

       Бірақ ұрдажықтар «Алаш» партиясына жарияланған амнистияға сәйкес Жұмағалиды ұзамай босатады. Осы кезден ол Қызылжар қаласында білім беру, денсаулық сақтау салаларында түрлі қызметтер атқарады. 1930 жылы оны тағы да ұстап, қамайды. Кінәсі сол баяғы «алашордашыл» болғандығы. Бірақ бұл жолы да ұзақ ұстамай, екі айдан соң қоя береді. Осыдан кейін Жұмағали Петропавлдың медициналық техникумына мұғалім болып орналасады. Бұл жерде де ұзақ істетпей, 1931 жылы тағы да қамайды. Сөйтіп, бұл үшінші рет тұтқындау болады. Өкіметті тек қана өздеріне берілген, айтқанын екі етпей, «ләббай, тақсырлап» тұрған шолақ белсенділерден құруды мақсат еткен ұрдажық билік өзіндік ойы бар жандардан өлердей қорқушы еді. Сондықтан да оларды тұтқындап, атып, асудан жаңылған емес. Жұмағалиды бұл жолы этаппен Алматыға айдап, сонда бір жыл түрмеде тергеуде ұстап, 1932 жылдың сәуір айында Мұхамеджан Тынышбаев бастаған қазақ зиялыларымен бірге соттап, Воронеж облысына жер аударады. Бұл жерде мамандығы бар Жұмағали Белоозер аудандық ауруханасына дәрігерлік жұмысқа орналасады. Сол кезде оның отбасы тағдырдың жазуымен Қырғызстан астанасы Фрунзе қаласына қоныс аударған болатын. Жер аударылған мерзімі біткен соң Жұмағали да сол жерге сұранып келеді. Мұнда ол Қырғызстанның Новотроицкое ауылында аудандық аурухананың меңгерушісі болып істейді. Бірақ ұзамай 37-нің зұлматы басталып, есіл ерді тағы да тұтқындайды. Бар кінәсі сол – «Алаш» партиясының мүшесі болғандығы. Тіпті осы үшін бірнеше рет түрмеге отырғандығы, сотталғандығы да еске алынбайды. Жоғарыдан түсірілген тапсырмаға (разнарядкаға) сәйкес, «шпиондық ұйымға» мүше болғандығы үшін «үштік» 1938 жылдың 17 ақпанында Фрунзе қаласының түрмесінде атқызады…

       Жоғарыда біз ауызға алған сурет осы сәтті бейнелеген. Сөйтіп, өз халқына қарлығаштың қанатымен су сепкендей пайдасын тигізіп жүрген есіл ер ит қорлықпен өмірден өткен еді.

       Әрине, Түркістан әскери округінің әскери трибуналы оны қылмысы жоқ болғандығы себепті 1958 жылдың 20 наурызында ақтаған. Бірақ оның есіл ерге де, «халық жауының отбасы» деген жаман атақ алып, 20 жыл бойы жазықсыз қуғын көрген балашағасына да еш пайдасы болған жоқ. Жан жары Райхан 1955 жылы ұзақ жылдық қуғынға шыдамағаннан жүрегі жарылып өмірден озады. Үлкен ұлы Ерікті еңбек армиясына алған. Одан 1945 жылы «ауырып өлді» деген «қара қағаз» келеді. Екінші ұлы Әзизді сыныққа сылтау тауып, айып батальонына жіберіп, соғысқа салған. Ол сол жерден хабарсыз кеткен. Жұмекеңнің 1926 жылы туған кіші ұлы Серік қана баянды өмір сүріп келеді. Ол биология ғылымдарының докторы, қазір Алматы қаласында тұрады. Оның Данияр деген ұлы, Ерік деген немересі бар.

       2005 жылы петропавлдық өлкетанушы Қайролла Мұқанов «Жумагали Тлеулин – деятель «Алаш-Орды» деген орыс тілінде кітап шығарды. Онда Алаш арысының тағдыры біршама толық берілген.

       Ұлтының қамын жегені үшін арманда кеткен есіл ердің есімін еске алып отыратын бір ескерткіш керек-ақ. Сондықтан, Жұмағалидың қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, әрі өзі сабақ берген орын ретінде есімін Петропавлдың медициналық колледжіне берсе, ердің атын шын ескергеніміз болар еді. Сонда біз ұлы Мағжанның «Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің…» дегенін де ақтаған болар едік.

       Айта кететін жәйт, Тілеулідей текті атаның біз жоғарыда Шәймерден мен Жұмағали сияқты екі ұлын ғана атадық. Ал оның осы екеуінен басқа Мұқаш, Есім, Сәпи есімді ұлдары да болған. Бәрі де Жұмағалидан үлкен. Сәпи 30-40-жылдары аштықтан, қудалаудан көз жұмған аға-інілерінің барлық баласын жалғыз өзі асыраған екен. Өзінің Күләш деген қызынан туған жиені – қазақтың орыс тілінде жазатын белгілі ақыны Бақытжан Қанапиянов. Ол да нағашысы Жұмағали туралы бірнеше естелік, әңгімелер жазған.

Петропавл.

Суреттерде: Ж. Тілеулин зайыбы Райханмен (1933 ж); атылар алдында Фрунзе түрмесінде (1938 ж).

 

Жақсыбай Самрат

Егемен Қазақстан, 26 қараша 2008 ж.