Мағжан мен Есенин - Магжан Жумабаев

Мағжан мен Есенин

Қысқы Мәскеудің ызғары көшедегі қалың киімді адамдардың арқасын қариды. Аяз күшейгелі біраз уақыт болды. 1925 жылдың соңғы он күндігі тіпті суып кетті. Астананың ақын-жазушылары уақыттарының көбін «Пырақ атқорасы» секілді кафе ресторандарда өткізетін. Әсіресе, осы бас қосуларды жас ақын-жазушылар асыға күтетін. Міне, мына бір үстелдің қасында жүзі көпке таныс Сергей Есенин өзінің бір жырын оқып аяқтағалы тұр:

       - «Бұлар аязды күндерде ішпей жүрмейді, Ал қағазды қалай шималауды білмейді...»

       - Өте дұрыс айттың. Аңғарымпаз ақын екенсің, - деді көрші үстел басында отырған сымбатты адам. Тосын шыққан дауысқа құлақ тіккен Есенин әлгі адамға бар денесімен бұрылып:

       - Сен Ли Боның өзі боларсың. Қытайсың ба? - деп сұрады.

       - Қытай емеспін. Қазақпын...

       - Қазақ? Кавказдағы бір қала осылай аталады, - деді Сергей көрші столдағы жігітке таңдана көз жүгіртіп. Именетін адам көрінбейді. Басын кекірейте ұстаған, «өз бағасын» білетін өр жан екендігі бірден байқалады. Иә, мен қазақпын. Осы күзде ғана біздің халық нағыз өзінің тарихи атымен атала бастады. Қазақ автономиясы дегенді естіген боларсыздар. Оған дейін үлкен тарихта түрлі-түрлі атаулармен жүрдік қой.

       Мәселен, қырғыз-қайсақ...

       - Байқаймын, сіздер бір сөзбен айтқанда, кешегі дәуірлеген ғұндардың тұқымдарысыздар, - деді Сергей, - Таныс болайық, менің фамилиям - Есенин. Мұндай ақынды естіп пе едіңіз?

       - Мен әдебиет институтында оқимын. Брюсов Есенин жырларын жиі мысалға келтіріп сөйлейді, - деді азиялық жігіт, менің фамилиям - Жұмабаев, атым - Мағжан... Егер есіңде болса, Герценнің досы Огаревтің төмендегідей жыр жолдары бар:

       - Мен сақпын

Кәдімгі қалпымды сақтаған:

Алтын Орда ұрпағы екеніме мақтанам.

Шығыңқы шықшытым.

Қабағым қатыңқы, сұсты тым.

Тұрпайы, жалқаумын,

Мұны да білген жұрт.

Славяндардан тигені –

Тек қана жирен мұрт.

       Сенде әзірге мұрт жоқ болса да, нағыз жиреннің өзі екенсің.

       Есенин езу тартты, ол сымбатты азиялықтан мұндай жыр жолдарын естимін деп ешбір ойламаған еді.

       - Мен де сізді бұйра шашты, сіріңке қара ғұн деп атар едім. Осы сіздер жайлы біздің Блок

ұмтылмастай жыр жолдарын қалдырды емес пе? Қазір, есіме түсіріп көрейін...

Ашулы ғұн өліктердің тінтісе де қалтасын,

Қаланы өртеп, қалдырса да қаңқасын.

Шіркеуіңді атқора ғып, қақтап тұрып жесе-дағы туысты,

Жақ ашпаймыз, жаным содан у ішті.

         - Мен Блоктың талантының алдында бас иемін. Әйткенмен, ғұндардың тарихына келгенде, әсіресе, олардың ең даңқты басшысы Еділ жайлы айта бастағанда бұл ақын да басқа тарихшы-ғалым, зерттеушілер секілді тым таптауырын жолға түскен. Ерте дүниенің жазғыштары саналған Марцеллин мен Иордан секілді көшірмеші-шежірешілердің жалған енбектеріне бір сәт сыни көзбен қарайтын кезең келді. Әлгі Иордан секілді нотариус-плагиат жазғыштар өздерінен бұрынғы қайраткерлердің еңбектеріндегі көлеңкелі тұстарын ғана жиып-теріп, өз еңбектеріне азық еткен. Көбінесе, ақиқат әңгімелерді бұра тартып, астарын тысына, тысын астарына айналдырып, жөнсіз жалғандыққа жол беріп отырған. Меселен, көптеген тарихи деректер Еділ патшаның мейірбан да әділетті қолбасшы болғанын ешбір жасырмай баяндап келген. XVIII ғасырда өмір сүрген ағылшын ғалымы Эдвард Гиббон өзінің Рим империясының күйреуі деген тыңғылықты ғылыми еңбегінде ғұндар мен олардың Еділ есімді көсемі жайлы тарихшылар мен зерттеушілердің тым үстірт жазып, тым тайыз тұжырымдар жасап, әсіресе еуропалық дін иелеріне жалданған жалған жазғыштардың ғүндардың батысқа қарай ұлы көш кезеңін суреттеп, баяңдауда қара бояуды аямағандарын, тарихи оқиғалардың шындығын бұрмалап, өздері өмір сүрген кезеңнің билеушілерінің ықпалында келгенін ашып айтпауға лажымыз жоқ. Ресейдің ең даңқты деген тарихшысы Н.М. Карамзин өзінің еңбектерінде Еділ жайлы көңілге қонымды пікір айтып, жылы лебіз білдірген. Еділ христиан әлемінің екі үлкен Шаһары - Константинополь мен Римді жаулап алып, күйретуден аман алып қалған. Көне Рим империясының бұл екі шаһарына да ғұн әскері мен оның колбасшысы Еділ тиіспеген. Қиратпаған. Мұндай мейірбандылық мінезді адамзат тарихындағы әйгілі де айбынды деген Ескендір Зұлқарнайын мен бізге етене жақындау корсикалық Наполеон Бонапарттан көре алмадық.

       - Әттең, Евгений Замятин Еуропаға кетіп қалды, әйтпесе сіздер ғұндар мен олардың көсемі Еділ жайлы жақсылап тұрып пікір алысып, дауласар едіңіздер.

       Айтпақшы, ғұн қолбасшысының Тәңір қамшысы деген қосалқы аты болған ғой, - деп Сергей Мағжанға қадала қарады.

       - Тәңір қамшысы - өрлік пен ерлікті қатар ұстаған қолбасшы. Ол өзінің жауларына қатыгездікпен қарамаған, қарапайым адамдармен Еділ патша тіл табыса білген. Ол көшпелі әскери демократияның нағыз өкілі еді. Оны өз замандастары мен тұрғыластары арғу-ғұн одақтастығының ең зейінді де зерделі әскери қолбасшысы әрі көреген ретінде таныды. Еділ жастық шағын Ұрым императоры Гонорияның қарамағында «аманатта» өткізді. Ол осы елде білім алып қана қойған жоқ, сонымен бірге әскери-соғыстың қат-қабат амалдарын үйренді. Қолбасшылық тәсілдерін жете үйренген білімді жас еді. Оны Тұран елінде қалған туыстары кері шақыртып алды. Ол еліне бірнеше тілді меңгерген, білімді, жас әскери маман ретінде оралғанын ешқашан естен шығармауымыз қажет.

       - Өте қызық!.. Ленинградтан оралысымен сізбен кеңірек отырып әңгімелесерміз. Сіз Ли Боға қатты ұқсайды екенсіз. Оның суретін жуырда ағылшын журналдарының бірінен көріп едім, - деді Сергей.

       - Иә, Ли Бо - Қытай елінің ұлы ақыны. Менің білуімше, ол біздің жақтағы Жоңғар қақпасы маңындағы Алакөлдің жағасында туған. Оның ерекше бір қызық қылығы - күндіз де қолына шырақ ұстап жүрген. «Күндіз шырақ жағып не іздеп жүрсің?» - деп сұрағандарға: «Адам іздеп жүрмін», - деп жауап береді екен.

       - Мына әңгімеңіз тіпті қызық. Тифлисте тұратын менің досым Николай Вержбицкий де осы Ли Боға байланысты бір аңыз айтып еді.

       ...Бірде Ли Бо императордың сарайына қонаққа шақырылады. Сол кеште императордың әйелі ақынға ғашық болып қалады. Ақын патшайымның әуейілігіне көңіл аудармайды. Ли Боның бұл мінезі императорға қатты ұнайды. Ол ақынды сарайдан көп сыйлықпен аттандырады. Елу есекке теңделген бағалы киім-кешек, алтын заттар мен түрлі шараптар тиелген керуен Ли Боның соңынан ұбап-шұбап жүріп отырады. Мемлекеттің астанасынан, Сарайдан алыстасымен ақын керуенді дем алуға тоқтатады да, осы маңдағы диханшы, малшы-шаруалардың бәрін қонаққа шақырады. Дархан ақынның мол дастарқанына ел-жұрт тайлы-таяғы қалмай жиналады. Ақын олардың бәріне дәмді тағам, ащылы-тұщылы шарап сыйлайды. Ең ақырында керуендегі тең-тең болып буылған асыл киім-кешектерді шешкізіп, қарапайым жандарға өз қолынан таратып болған Ли Бо аса таяғын серік етіп, алыстағы Янцзы өзеніне жаяу тартады. Осы өзеннің жағалауына қоныстанған ақын, түн ортасында да айдың жарығымен ағын ортасына шығуды күнделікті кәсібіне айналдырады. Ли Бо қайықта отырып, өзен ортасында су бетіндегі ай сәулесімен сырласуды ұнатады екен. Бірде ол су бетіндегі ай сәулесін құшағына алмақ болып, өзенге күмп беріп, батып кетіпті. Содан бері Ли Бо ақынды көріп, кездестірген адам бұл әлемде жоқ, - дейді.

       Осындай тамаша аңызды айтып бергені үшін мен тифлистік досым Николай Вержбицкийге төмендегідей жыр жолдарын жолдадым:

Жүдетпес көңілді,

Ли Боның өміріндей өмірді,

Айырбастаман ештеңеге,

Жазылса пешенеге.

       - Жарайсың, Есенин! - деп «Пырақ атқорасында» отырғандар дүр сілкінді.
       Мағжан асықпай, баппен орнынан тұрды да, Сергейді құшақтап тұрып:
       - Осы өткелі тұрған жиырма бесінші жылда менің өмірімде елеулі оқиға болмай қалар ма екен деп ойлап едім. Шүкіршілік етемін. Бүгін мен мына «Пырақ атқорасында» орыстың, тіпті славяндардың да деуге болады, тамаша шайыры Сергей Есенинмен кездестім. Бұл мен  үшін... Орыс ақыны Мағжанның сөзін аяқтатпай құшағына кіре түсіп:

       - Ленинградқа барып қайтысымен тағы кездесеміз. Тап осы кафеде жолығатын болайық.ъ

       Мағжан жан-жағындағыларды барлай, шола қарап өтті:

       - Шығыс араб елінде есімі әлемге әйгілі тағы бір ақын болған: оның аты зағиб әл-Мәәрри. Ол да патша, хан, сұлтан, әмірлер мен шамхал-хамхалдардан талай мәрте сыйлықтар алып, сый-сияпат көрген ұлы шайыр еді. Сол ақын көзінің жоқтығына қарамай, зағиб басымен алдында отырған әміршінің қандай адам екенін даусынан-ақ танитын көрегендік қасиеті болыпты. Сол әл-Мәәрри шәкірт-ақындарына арнап төмендегідей жыр жолдарын айтады екен:

«Патшалар ақындарды қаламаған, ал

ақындар патшаларға пысқырып та қарамаған».

       - Жаса, азиялық! Еділ патша ұрпағының даңқы арта берсін! - «Пырақ атқорасында» отырғандардың дауысы тіпті, көтеріңкі шықты. Иә, Шығыс адамы әрқашан ақын екендігін елеусіз ғана ыммен танытады деген осы-ау. Оның үстіне бұл адам ұлы Ли Боның жерлесі ғой! Сонымен, келістік. Осы «Пырақ атқорасында» кездесетін болдық. Есіміңізді қалай дедіңіз? – деп Есенин Мағжанның аты-жөнін кайталап сұрады. Мағжан Жұмабаев, Брюсовтың әдеби институтының кешкі бөлімінде оқимын, Шығыс халықтары коммунистік университетінде дәріс беремін, Орталық баспадан кітаптар алып, қазақ тіліне аударамын...

       - Мағжан, сізбен танысқаныма өте қуаныштымын! Түркістанды аралап қайту - үлкен мақсатымның бірі. Тарихи қалалар мен сақ қорғандарында болып қайтсам деп армандаймын. Ойға алған осы бір ісімді орындауға сіз, Мағжан, көмектесерсіз деп сенемін! - деді Сергей. Алдағыны өлшеп-пішіп қайтеміз, өмірдің өзі көрсетер, - деп жауап қатты Мағжан.

***

       - Екі ақын межелеген кездесуіне жете алмады. «Пырақ атқорасындағы» осы таныстықтан бірнеше күн өткен соң, дәлірек айтсақ, 1926 жылдың қарсаңында Ленинградтағы «Англетер» қонақ үйінде орыс ақыны Сергей Есенин өзін-өзі асып өлтірді. Нағыз ақиқатын кім білсін, ресми орындардың хабары осыған саяды.

       Үш жылдан кейін Батыс Сібірдегі шағын шаһар - Қызылжарда ГПУ-дың «қырағы көздері" қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевты тұтқындап, Мәскеудің Бутырка абақтысына аттандырды. Ақынның бар айыбы - голощекиндік зұлмат кезеңді «шабыттанып» жырлай жөнелмеді... Бәлкім, Мағжанның сол тұста қазақ арасынан ерек көрініп, Ресей астанасындағы айтулы оқу орыны Брюсов есіміндегі әдебиет институтынан арнайы жоғары білім алып шығуы да басқа әріптестерінің қызғанышын тудырды ма екен?! Болмаса, орыс поэзиясының сол тұстағы қас шебері атанған Валерий Брюсовтың Мағжанды «қазақтың Пушкині» деп атауы біреу-міреудің шымбайына қатты батты ма екен?.. Кім білсін?! Тарих парақтарына мұндай іздер тым сирек түседі.

Ақ желкен // 2003 №2

Амантай Сатаев

Өлеңдерді аударған Қ. АЙТОЛҚЫН