Ақының немересі Ұлжан Жұмабаеваның естелігі: «Дариға, аяқталмай үзілді жыр...» - Магжан Жумабаев

Ақының немересі Ұлжан Жұмабаеваның естелігі: «Дариға, аяқталмай үзілді жыр...»

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1997 жылы Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялағаны белгілі. Оның үстіне, жуырда Президенттің және бір Жарлығы жарық көрді 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

 

       Мен сол саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ұлы ақын атам Мағжан Жұмабаевтың суретіне жиі-жиі көз жүгіртемін. Оның ақыл мен мұңға толы көздеріне әрдайым үңіле қараймын. Жүрекке жылы сүйкімді жүзінен көз ала алмай, ұзақ отырамын. Терең ойға шомып, осындай ұлы адамның сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып кеткеніне өкінемін. Сол қуғын-сүргіннен Мағжан Жұмабаевтың отбасы мүшелері де, әкесі де бірге өскен бауырлары да зардап шеккенін біреу білер, біреу білмес. Олар да сол бір зұлмат тағдырдың тырнағына ілігіп, адам айтқысыз ауыр тауқымет тартты. Мысалы, ақынның әкесі Бекен бабамыз Сібірге жер аударылар алдында қайтыс болса, ағалары Аба-Мүсілім мен Қаһарман сталиндік лагерьде айдауда жүріп опат болды, інілері Сәлімжан, Қалижан, Мұхамеджан өмірлерінің соңғы күндеріне дейін саяси қуғын-сүргін құрығынан құтыла алмай, азап шегумен өтті. Кенже інісі Сабыржан өмір бойы Қырғызстан жерінде бой тасалаумен жүруге мәжбүр болды. Қазақстанға қартайған шағында, ажалының аз ғана алдында қайта оралды.

       Ең өкініштісі - олардың ешқайсысы да Мағжан Жұмабаевтың ақталған, кітаптарының көп таралыммен халқымыздың қолына қымбат қазына ретінде қайта оралғанын көре алмай, арманда кетті.

3арыға күткен бұл күнді ақынның зайыбы, менің сүйікті әжем Зылиқа Жұмабаева ғана көре алды. Ол осыдан бес жыл бұрын Мағжан атамның ұзақ жылдардан соң қайтадан басылып шыққан жыр жинағын көзімен көріп, қолымен ұстаған қуанышты күннен кейін көп ұзамай дүниеден озды. Ақынның адал жары болған Зылиқа әжем Мағжан атамның басына түскен барлық ауыртпалықты оқып жүрген кезінде де, қуғын-сүргінге ұшыраған тұста да, лагерьде айдауда болған жылдары да онымен бірге бөлісіп өтті. Жұрт оны «Қазақтың декабрист келіншегі» деп бекер атамаған болатын. Ол өзінің сүйген жарына өмір бойы мейлінше берілген адалдықтың үлгісін көрсетіп өтті.

       Тағдыр менің Мағжан атама небәрі 45 жыл өмір сүруді жазыпты. Оның да он жылдан астам уақыты түрмелер мен лагерьде өткен екен. 1893 жылы дәулетті де зиялы әулетте дүниеге келген ол білімге ерекше құштар болған көрінеді. Қызылжар Уфа, Омбы, Ташкент, Мәскеу қалаларының оқу орындары мен кітапханаларында ізі қалған. Алғаш төрт жасында ауыл мұғалімінен хат таниды, 1905 жылы Қызылжар (қазіргі Петропавл қаласындағы медресеге оқуға түседі. 1910 жылы медресені үздік бітіріп Бекмұқамед Серкебаевпен (қазіргі халық әртісі Ермек Серкебаевтың әкесі) бірге Уфадағы Медресе-Ғалияға барып түседі. Бұл медреседе белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен танысады, қазақтың болашақ классик жазушысы Бейімбет Майлин, башқұрттың халық жазушысы Сайфи Құдашпен бірге оқиды. С. Құдаш кейін ақын тағдырына араша түсіп, 60 - жылдары Л. Брежнев пен Д. Қонаевтың атына ашық хат жазғаны белгілі.
       Мағжан атамның алғашқы жазған өлеңдерінен оның ақындық талантын ерте таныған, кейін оның «Айға» деген өлеңінің:

 

Кең дала көресің ғой ана жатқан,

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.

Асқар тау, балдай тәтті сулары бар,

Әне, сол анам еді мені тапқан! —

 

деген бір шумағын өзінің «Қазақ қызы» атты романына эпиграф етіп алған Ғалымжан Ибрагимов шәкірті Мағжанға оның өз білімін одан әрі толықтыра түсуіне ұстаздық ақыл-кеңес береді. Осыдан соң Мағжан Жұмабаев Омбыдағы мұғалімдер семинариясына барып түседі де біраз уақыт бойы сол қалада тұрып қалады. Қазақтың тағы бір көрнекті ақыны Сәкен Сейфуллинмен осында танысады. 1923—1927 жылдары Мәскеудегі жоғары әдеби-көркем өнер институтында оқиды. Ол кезде бұл институтты орыс әдебиетінің аса көрнекті өкілі, кейін Мағжан поэзиясын өте жоғары бағалап, оны қазақтың Пушкині атаған Валерий Брюсов басқаратын. Ақын осы институт қабырғасында жүрген кезінде орыс әдебиетімен, Батыс Еуропа әдебиетімен неғұрлым жете танысады. Өз шығармашылығында жаңа биіктерге көтеріледі.

       100 жылдық мерейтойы үстіміздегі жылы аталып өткелі отырған заманымыздың заңғар жазушысы ұлы Мұхтар Әуезовтің Мағжан шығармашылығы туралы сол кездің өзінде былай деп жазуы тіпті де тегін емес: «Мен Абайды сүйемін. Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызығын көріп, сезгендей боламын. Мағжан - мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңдігін терген ақын болмайды. Заманнан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет, әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін».

       «Мағжан өлеңдері» оның 14 жасынан бастап жарық көре бастады. Алғашқы кітабы «Өзек» деп аталған. 1912 жылы Қазанда «Шолпан» жинағы шығады. 1922 жылы Ташкентте «Сана» журналында әйгілі «Батыр Баян» поэмасы жарияланған.

       Ақынның алғашқы таңдаулы шығармалар жинағы 1923 жылы Ташкент қаласында көрнекті қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың алғы сөзімен жарияланған болатын. Тап сол жылы оның «Педагогика» деген еңбегі де оқулық ретінде басылып шықты. 1924 жылы Мәскеуде «Сұңқар жыры» («Соколиные песни») жинағы жарық көрді. 1925 жылы «Ақ боз ат» жинағы, 1926 жылы «Балаларға базарлық» кітапшасы, 1927 жылы «Жүсіп хан» дастаны мен «Ертегілері» жарық көреді.

       М. Жұмабаев сонымен бірге Лермонтовтың, Гётенің, Гейненің, Феттің, Байронның, сондай-ақ басқа да орыс және Батыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын аударған. Шығыс халықтарының, бірқатар Еуропа халықтарының тілін білген.

       Филология ғылымдарының докторы Мүсілім Базарбаев М. Жұмабаевтың шығармашылығы жөніндегі зерттеу еңбегінде былай деп жазады:

       «М. Жұмабаевтың ақындық табиғаты Абайға да, одан кейінгі ақындарға да ұқсамайды. Оның қайталанбас қолтаңбасы өзіндік екені даусыз. Әрине, Абайды білген, оның ақындық тәжірибесіне сүйенген. 1923 жылы Ташкентте жасаған баяндамасында Жүсіпбек Аймауытов Абай мен Шәңгерей Бөкеевтің кейбір өлең жолдарын ара-тұра салыстырады. Мұны түсінуге болады. Өйткені Қазақ топырағында арасы қашық емес мезгілде өмір сүріп, қалыптасқан адамдардың өмірді түсініп, ұғынуы біртектес болуы мүмкін. Бірақ Шәңгерей Бөкеевке қарағанда Абайда әлеуметтік, рационалдық уағыз басым. Шәңгерейде әдемілік, сұлулық, келістілікті суреттеу күшті...

       М. Жұмабаев творчествосы, әрине, олардан мүлде бөлек. Әлеуметтік, эстетикалық, талғам, талабымен айрықша жазылған дүние. Әдебиетімізді айрықша байытқаны да содан. Сондықтан оның өлеңдерінен өне бойы құпия-сыр ұққандай боласыз да тұрасыз, өмірдің өзіндей сан-салалы, сан қырлы поэзия...»

       1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген жалған айыптаумен 10 жылға сотталады. Ең өкініштісі сол — 1929 жылдан өмірінің соңғы жылы, 1938 жылға дейін Мағжан Жұмабаевтың не жазып, не қойғаны біздің бәрімізге де осы уақытқа дейін белгісіз. Ал, ақын бұл кезеңде ешнәрсе жазбады дегенге тіпті де сенгім келмейді. Ол, әрине, жазған. Бірақ жазғандары қолды болып, үшті-күйлі жоғалып кетуі де әбден мүмкін. Ақынның өз сөзімен айтқанда, бәрі бір:

 

Дариға, аяқталмай үзілді жыр,

Сұм жүрек жалын болып қалды ғой құр». - болды.

 

       Қазақ халқының біртуар ұлы ақыны М. Жұмабаев 1988 жылы Ахмет Байтұрсыновпен, Жүсіпбек Аймауытовпен, Міржақып Дулатовпен бірге ақталды. Әдебиет зерттеушілерінің пікірі бойынша, Мағжан Жұмабаев - XX ғасырдағы аса көрнекті ақын. Ол қазақ поэзиясының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Бұл ретте оны ұлы Абаймен ғана салыстыруға болады. М. Жұмабаев шығармашылығы - бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ қазынасы. Сондықтан да оны түркі тектес халықтарының барлығы да өздерінің төл перзенті, төл ақыны ретінде құрметтейді. 70 жыл бойы аты ұмыт болған ақынның есімін олар зор сүйіспеншілікпен еске алып, оның шығармаларын сүйсіне оқиды. Сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ұлы атамның шығармалары түркі тектес халықтардың ортақ қазынасына айналып отырғанын көріп-білу - мен үшін, оның немересі үшін, орасан зор бақыт!

 

Ұлжан Жұмабаева, ақынның немересі.

Егемен Қазақстан. 22 сәуір.- 1997 ж.