Мағжан атылды ма?
Мен 1960 жылы Мағжанның ақталған қағазын қолыма алғаннан соң, Түркістанның әскери округіне: «Мағжан Жұмабаев қашан, қай жерде қайтыс болды?» - деп, хат жаздым. Олар: «1943 жылы жүрек ауруынан қайтыс болды» - деп жауап берді. Ал 1988 жылы «ҚӘ» газетінің бетінде Мағжан 1938 жылы март айында атылды деп хабарлады. Сонда осы екі сөздің қайсысына нануға болады?
...Мен Мағжан мен Сәкеннің жүрген ізін қайталап, Алматы «ішкі абақтысында» бір емес, бірнеше рет отырғандардың бірімін. Алматы абақтысынан шыққаннан соң мен Тайшет лагеріне барып, бес жыл ағаш кестім де, одан кейін Колымаға барып бес жыл алтын қаздым. Осы лагерьлердің бәрінде де 1937 жылы ұсталып кеткен жақын-жамағайындарды іздестірумен болдым. Ең алдымен өзімді осы өмірге әкелген әкем Жармұхамед пен жанымдай жақсы көрген ұстазым, өзімді поэзия бақшасына бағыттаған Мағжан екеуін іздедім.
Мен 1943 жылдан бастап 1951 жылға дейін Тайшетлагте өмір өткіздім. 142 километрдегі бір колоннада статист болып істедім. Міндетім: колоннаға келген-кеткендердің есебін жүргізіп отырамын. Өлген адамдардың карточкасының бірінші бетіне қара сиямен крест қоям да, сыртқы таза бетіне қай күні, қай жылы, қай жерде өлгендігін жазып, «Совершенно секретно» деген конвертке салып, Мәскеудегі ГУЛАГ-тың басқармасына жіберем. Зонаға жаңадан келгендердің картотекасын жасаймын. Кеткендерді есептен шығарамын.
Бір күні бізге 100 шақты адам келді. Бастықтарға қосылып оларды қабылдадым. Сонымен бірге мен осылардың ішінен өзіме бір жәрдемші алғым келді де: «Сендердің ішіңде әдемі жазатын бір сауатты адам бар ма?» - деп сұрадым, тұрғандардан. Әй, шолақ белсенді, иди ко мне! Я красиво пишу, возьми меня писарем. В прошлом я адъютант Кулымбетова, - деді, бір сары орыс. Мен Құлымбетовтың адъютанты болып істегем, әскери атағым полковник. Сол үшін 15 жыл алдым. Енді, міне, бізді сонау Мұз мұхитының бер жағындағы Колымадан алып келді. Мен Колымада қазақ халқының ұлы көсемі Әлихан Бөкейхановпен бір зонада болдым - деді. Бұл - Анатолий Харлампиевич Медников дейтін кісі екен. Сол бірінші кездескенде мені өзіне баурау ниетімен Асфендияров, Ермеков, Сәкен, Мағжан сияқты кемеңгерлердің атын атады.
Мен оны ертіп алып кеттім де, асханаға апарып тамаққа тойғыздым. Содан жататын бөлмеге апарып, оған өзімнің жанымнан орын бердім, ертеңіне өзіме көмекші етіп алдым. Өзі өте әңгімешіл, білімді кісі екен.
Мағжан екеуіміз «ішкі түрменің» 19-бөлмесінде отырдық. Мағжан өте қызық адам, анекдоттар айтып, ішек-сілемізді қатырады. Оған ешбір тексеру де жүргізген жоқ, соттаған да жоқ... Ол кісіні тек халықтан бөлу үшін ғана абақтыға салып қойған. Түрме бастықтары оны үш күн сайын шақырып, нан, май, темекі беріп тұрады. Ол соның бәрін бізбен бөліп жейді. Мағжан өзін соттамайтынын тек шалғай жаққа еркін жер аударатынын бізге айтып отыратын. Мені 1938 жылы күздікүні Колымаға аттандырғанда, Мағжан сол 19-шы бөлмеде қалған. Одан арғы тағдырын мен білмеймін - деді Мединов. Ал енді осы Мединов маған Әлихан Бөкейханов туралы да көп әңгіме айтты: «Әлихан менімен бірге Колымада болды. Алғашқы кезде су қайнататын қазанның астына от жағушы болып істеді де, біраздан соң бухгалтерияда есепші болды. Ал үстіндегі киімдері - өзінің еркіндікте киіп жүрген киімдері еді: түлкі ішік, қаракөл бөрік тағысын тағылар...»
Барлық лагерь бастықтары Әлекеңе өте әдепті қарап, құрметтейтін, - деп Мединов Әлекең жөнінде ерекше бір сүйіспеншілікпен сыйлаушы еді.
Ал енді Мағжанға оралайық. 1950 жылдың соңғы айларында біз тұратын Колоннаның бастығы майор Привалов мені бөлмесіне шақырып алып: «Дайындал, ұзақ сапарға жүресің» - деді. Лагерь шаруашылығын басқаратын өзінің орынбасарын шақырып алып: «Мынаны ылғи жаңа киіммен киіндір, ұзақ сапарға шығады!» - деді.
Мені киім беретін жерге алып барып, ылғи жаңа киімдермен киіндірді. Әсіресе аяққа киюге берген пимасы тамаша әдемі екен. Мен киініп алып, жататын жерге келіп, қазақ достарыма болған жағдайды айттым. Олар қайран қалды: «Сені Алматыға апарып, босатып, қоя беретін шығар» деп те шуласты.
Тайшеттегі пересылкеге алып келді. Сонда бір ай жүрдім. Қайда алып кететінін біле алмай қойдым. Бір күні сол жердегі әйелдер колоннасынан орыстың тамаша әншісі Лидия Русланованы да алып келді. Келген бетте бәріміз Лидияны қоршап алдық. Орыстың бұлбұлын көргенімізге керемет қуандық. Оны да әдемі киіндіріпті. Мен бір қағаберісте ол кісіден: «Сізді де үкімет әдемі киіндіріпті ғой, тегі бір ұзақ сапарға аттандыратын болу керек. Мені мұнда әкелгеніне бір ай болып қалды. Бірақ қайда апара жатқанын білмеймін» дедім. Русланова жұлып алғандай: «Қуана бер! Бұл сапарыңды жаманшылыққа емес, жақсылыққа жоры. Екеуімізді де сотталған жерімізге алып барып, бостандыққа жіберетін болу керек!» - деп көңілді пікір айтты.
Күндердің күнінде екеуімізді бір «Столыпинның вагонына отырғызып, батыс жаққа аттандырып жіберді. Новосибирьге келгенде мені вагоннан түсірді. Лидия менімен көңілді қоштасты да: «Сені алда бақыт күтіп тұр, Хамза! Хош сау бол», - деп қала берді.
- Сізге мен де бақыт тілеймін! – деп кете бардым.
Мені Новосибирьдің түрмесіне қамады. Бес күннен кейін Алматы поезына салып жіберді. Алматының «ішкі түрмесінің» жеке бөлмесіне кіргізді. Үш күнге дейін ешкім келмеді. Төртінші күні тексерушіге алып барды. Абдулов дейтін жас қазақ жігіті (аға лейтенант) күліп қарсы алды. Сібірдің мән-жайын, лагерьде не көргенімді сұрап танысты.
- Мені мұнда неге алып келдіңіздер? - деп сұрадым жігіттен.
- Сіз Армияда Жұмақанов деген жігітпен бірге болған екенсіз. Кейін тұтқында да бірге болыпсыз, сол кісімен беттестіруге алып келдік.
- Сонда қалай, мені бостандыққа шығармайсыздар ма? Ана жылы мені нахақтан соттаған осы арада. Соғыс біткенде мен немістің түрмесінен шыққанмын. Фашистің түрмесінен шыққан адамды әкелді де, совет үкіметінің түрмесіне салды. Осындай бола ма екен? - дедім күлімсіреп.
- Бұл жағдайды бастықтар зерттейтін шығар. Мен кішкентай адаммын ғой! – деді жігіт.
Сөйтіп мені Алматы абақтысында екі айдай ұстады. Бір ай жеке бөлмеде, екінші айда жалпы бөлмеде, қазақ жігіттерімен бірге болдым. Бәрі де соғыс жылдары Германияда тұтқында болғандар екен. Олардан басқа біздің үстімізге жебірей шалдарын бір-бірлеп әкеле бастады.
- Сіздер не істеп едіңіздер? – деп сұраймыз жәбірейілдерден.
- Түк істеген жоқпыз. Әйтеуір бізге Сталин өшігіп жүр! – деп жауап береді олар. Түрмеге жаңа түскен қазақ жігіттерінен мен қазақ елінің хал-жағдайын сұраймын. Олар: «Қазақ – бұрынғы қазақ баяғыдай бірінің-үстінен бірі арыз жазып жатады. Тіпті керек десең, әлдеқашан сүйегі қурап қалған Кенесары мен Наурызбайдың аруағының сыртынан 58-статьяның «А» тармағымен соттап, Колымаға аттандырайын деп жатыр! – деп күледі олардың кейбіреулері.
Содан соң жігіттер осы бөлмеде бір Князь дейтін адамның болғандығын, оның өзі өте қызық адам екендігін, түрме басшыларына ешбір бағынбайтынын әңгіме етті.
Күндердің күнінде мені келген жеріме - Тайшетке қайтадан жіберуге бөлмеден алып шықты. Абақты күзетшісінің бөлмесіне алып барып, тінте бастады. Бір уақытта менің үстіме бір қара сақалды ұзын бойлы, қара шашты, көздері тостағандай қап-қара адамды әкеліп, оны да тінтті. Бізді тексеріп, тінтіп жатқан екі лейтенанттың біреуі әлгі кісіге:
- Нука, Князь, выворачивай свою сумку! - деді. Мен бұл кісінің бөлмедегі қазақ жігіттерінің айтып жүрген «Князі» екенін түсіне қалдым. Оның дорбасының ішінен күзетшілер ақын Феттің екінші томын тауып алды.
- Біздің абақтының кітабын қайда апарасың, кәззап? - деп ақырды күзетші.
- Бұл сендердің кітаптарың емес, мен былтыр Новая Землядан Ленинград абақтысына келгенде, бұл кітапты сондағы абақтының бастығы маған сыйға берген! – деді Князь.
- Жоқ, өтірік айтып тұрсың, суайт! Міне, сыртында біздің абақтының мөрі бар! - деп, лейтенант кітапты Князьдің қолынан жұлып алғанда, Князь кітапты оның қолынан қайта жұлып алды да, лейтенантты, басымен сүзіп кеп қалды. Лейтенант жерге сылқ ете түсті. Әскери адамдар қаптап кетті. Қолына темір кісен салды да, менімен бірге қараңғы машинаның ішіне тығып жіберді.
Бәрімізді бірінші Алматыға әкелді де, жүрейін деп тұрған поездың «Столыпин» атты вагонына сүңгітті де жіберді. Әйелдерді әйелдердің купесіне, бізді соның жанындағы еркектердің бөлмесіне орналастырды. Онда Алматылық екі жас жігіт - бірі қазақ, бірі орыс - отыр екен. Олармен Қазақстанның қазіргі хал-ақуалы туралы біраз әңгімелестім. Қандай жаңа кітаптар шыққанын сұрадым. Олар Мұхтардың «Абай» деген романын біраз дәріптеді. Абай туралы әңгіме басталғанда, Князь іліп әкетті:
- Одақта Мұхтарға тең келетін бірде жазушы жоқ. Ол данышпан Абайдың бейнесін керемет әсерлі суреттеген, - деп бір тоқтады. Содан соң Семейдегі Гоголь атындағы кітапханада бір надан чиновникті Абайдың масқаралағанын айтып, қарқ-қарқ күліп алды. Біраздан соң мен одан:
- Князь аға. Сіздің ұлтыңыз кім? – деп сұрадым.
Ол: - «Арғы атам араб, бірақ шешендер елінде туып-өстім» - деді.
- Новая Земляда қазақтар бар ма? – деп сұрадым.
- Е, қазақтың зиялыларының бәрі сонда. Олардың ішінде тамаша білімпаздар бар. Олардың айтуына қарағанда, 1937 жылы қазақтың неше түрлі өнерпаздары мен ғалымдарын түгелдей ұстаған көрінеді. Новая Землядағы қазақ зиялыларының ішінде аса құрметтісі Мағжан дейтін ақын болды. Ол кісі сонда «культорг» болып істеді. Екі бөлмелі ағаш үй салып алды. Бір әдемі өзбек әйеліне үйленді. Сенбі күні қазақтардың көпшілігі сол үйге жиналады. Өлең айтады, көңіл көтереді...
Мен төбем көкке тигендей қуандым. Баяғы Медниковтың айтқандары есіме түсті. Құдай жазса, Мағжанды көреді екем! Тәйірі немене Мағжан биыл 58 жаста ғана! - деп қуандым.
Новосибирьге жеткен соң Князь екеуімізді бөліп жіберді. Мені көп кісілер жатқан бөлмеге кіргізді. Есіктен кіріп барғанда, біреу жоғары нардан секіріп түсті де: О, майн либер Хамза! (О, менің сүйікті Хамзам!) – деп, мені құшақтап сүйе бастады. Қарасам Тайшеттегі зонада бірге болған досым немістің ұшқышы Бернар Шиллер екен. Шиллердің жанында бір Шмид дейтін жас неміс жігіті жатыр, ол менімен қазақша сәлемдесті. Оның аржағында бір башқұрт молдасы отыр 1879 ж. туыпты. «Сталиннің құрдасымын, Ғалымжан Ибрагимовтың досымын, медреседе Мағжанның мұғалімі болдым!» - дейді. Мағжанның күшті ақын болғандығын аспанға көтере мақтап, сөйлеп кетті. Бірнеше күннен соң мені Тайшетлагқа алып кетті. Пересылкада екі ай жаттым. Көп қазақ балаларына кездестім. Содан соң мұнда көрген бір қызығын: Батыс Украина жақтан 600 монашканы алып келді. Ғайса пайғамбарға табынған әрі жуас, әрі түк білмейтін бейшараларға лагерь басшыларының көрсетпеген азабы жоқ. Тағы бір көрген масқара: ол – 1945 ж. Гитлердің концлагерінен шыққан неміс коммунистері зонаға сыймай кетті.
- Сендер не істеп едіңдер? – деп сұраймыз біз олардан.
Не істегенімізді өзіміз де білмейміз, әйтеуір Гитлерге де, Сталинге де ұнамайтын, сорлы болдық қой! – деп, күледі олар. 1951 жылдың жазында мені мыңдаған сорлылармен қосып, сонау Мұз Мұхитының бер жағындағы Колымаға жер аударды. Колымада 1954 жылы он жылдық мерзімді сегіз жылда бітіріп, бостандыққа шықтым. Сонда мен сияқты лагерьден шыққан Батырхан деген жігітке кесдесіп едім, ол мені: «осында Мағжан дейтін кісі бар» - деп, бір үйге алып барды. Батырханның айтуы бойынша, түрі, бойы Мағжанға тура келеді. Қысты күні еді. Мағжан қорасының ішінде бірдеңелер істеп жүр екен. «Әне, ана кісі Мағжан!» - деді. Қарасам, алыстан құдды Мағжан сияқты. Келіп сәлем бергеннен соң айқындап қарасам, біздің Мағжан болмай шықты. Бұл Мағжан сол жерде жылқы етін сақтайтын қойманың бастығы екен. Үйіне кіргізді. Әйелі поляк қызы екен. Әйелімен бізді таныстырды да, ең алдымен шай қоюға одан соң ет асуға бұйрық берді. Жеңгей шайды тез жасап берді. Содан соң Мақаң спирт құйған құтының аузын ашты. Біз де көңілденіп әңгімеге кірісіп кеттік.
- Балалар, сендер жассыңдар ғой, білмейсіңдер, осы ғасырдың басында Мағжан дейтін ақын болған, сол кездің өзінде күллі қазақ елі: «Абайдан соңғы ұлы ақын осы болады» деп дәріптеген көрінеді Мағжанды. Дәл сол бір кезеңде мен де туа қалсам керек, әкем «Мағжандай ақын болсын» деп, мені Мағжан деп атапты.
- Қазір сол ақын тірі ме? Тірі болса, қайда? – дедім мен, түк білмейтін кісіге ұқсап.
- Е, тірі, Мағжан қазір Новая Земляда. Осы біз сияқты бос, еркін қызмет істейді, еңбекақы алады. Бірақ, оларға паспорт бермейді, елге хат жаздырмайды.
- Оны қайдан білдіңіз?
- Маған сол Новая Землядан келген жігіттер айтты. Ал сендер білмейсіңдер, сотталмаған Мағжан түгіл 1937 жылы атылуға бұйырылғандардың да көбі тірі. Оларды өте құпия лагерьлерде ұстайды. Денсаулыққа зиян келтіретін жұмыстарға салады. Ол бір. Екіншіден, Исаев Ораз бен Мирзоянды атқан жоқ, жиырма жылға соттаған. Соғыс кезінде Ораз осында экспедитор болып істепті. Бірақ соғыстан соң, ол жоқ болып кетті. «Қайда?» дейсіз ғой. Ешқайда емес, осыдан 100 шақырым жерде, таудың арасында бір үлкен колонна бар. Еш бір адам оның маңына бара алмайды. Күллі білімпаздар сонда тұрады. Оларға өмірдің есігі жабық. Олар өлгенінше сонда болады!..
1956 жылы түгелдей ақталып, әскери билет және тап-таза паспорт алып, елге, одан соң Алматыға келдім. Соғыстан тірі, қалған дос-жолдастарыма кездестім. Олар: Омарғали Құтышев, Рахметолла Райымқұлов, Қапан Сатыбалдин, Дүйсенбек Еркешов, Жолмұрза Самұратов, Рахыш Хайруллин, Асқар Лекеров, Әбдуали Қарақұлов т.б.
Әсіресе, Рахыш Хайруллинмен тығыз байланыста болдым. Өйткені, ол екеуіміз соғыстан бұрын «Социалистік Қазақстан» газетінде бірге қызмет істегенбіз. Күндердің күнінде Асқар Лекеров қайтыс болды. Бұл кезде Хайруллин «Қазақстан» баспасында бөлім бастығы болып істейтін. Бір күні мені Рахыш шақырып алды да Лекеровтың архивтерін ақтарып, қолжазбаларын іріктеп, бір кітап шығару міндетін маған артты. Осы кезде Рахыш ағай екеуіміздің кездесулеріміз тіпті жиілеп кетті. Бір күні Рахаң екеуіміз бақша ішінде әңгімелесіп отырғанда, Мағжанның сотталмағаны, ату жазасына бұйырылмағаны туралы әңгіме айтты. Ол былай деді:
- 1941 жылы соғыс басталғаннан соң мен әскери қызметке алындым да, Новосибирь қаласында аға лейтенант атағымен қызмет істедім. 1941 жылдың күзінде менің қарауымда істейтін екі кіші лейтенант (қазақтар) демалыс күні қыдырып сол төңіректегі бір селоға барып келді де, маған бір сұрақ қойды:
- Рақыш аға, қазақта Мағжан деген ақын болды ма?
- Иә, болды. Оны неге сұрадыңдар? – дедім.
- Біз бүгін осы арадан 60 км. бір селода сол кісінің үйіне барып тамақ іштік, бізге арақ берді. Орыс әйелі бар Мағжанның өзі сол арадағы дәріхананың бастығы екен, бізді көріп қатты қуанды. Жігіттерден бұл хабарды естіп мен де қуандым. Мағжанға баруға ниетім кеткенімен, асықпадым. Ол кісілерді бәрі бір әскерге алмайды, қолым босағанда барамын ғой деп жүре бердім. 1942 жылдың басында, туралап айтқанда, ақпанда бардым. Барсам, Мағжан жоқ, әйелін тауып алдым. Әйелі: «бір жұма болды, Мағжанды үндеместер алып кетті. Бірақ келген адамдар әкіреңдеп, айқайлаған жоқ, керсінше «жылы киімді көп алыңыз, біраз азық алыңыз, суық жаққа барасыз», - деді. «Жеңгей» маған шай берді. Мен өзіме-өзім ренжіп, кешігіп келгеніме қатты қайғырдым. Ұлы адаммен аз-маз сөйлессем де, біраз шер тарқар еді-ау.
Міне, досым Рахыш Хайруллиннің Мағжан туралы айтқан хикаясы осындай. Рахыш Хайруллин қазір аман-сау, осы Алматыда тұрады. 1960 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Тоқшын совхозында орташа мектепте Қалижан деген ағамыз екеуіміз мұғалім болып істедік. Бір демалыста ол екеуіміз сол арадан бес шақырым жерде тұратын Зарап, Ғарап, дейтін ағайындарымыздың үйіне қонаққа бардық. Біз шәй ішіп отырғанда бір Жұмай деген кісі кіріп келді де, қолын жуып бізбен қатар столға келіп отырды. Отыра сала шәйдан бір ұрттап жіберді де, әңгіме бастады:
- Жаңа ғана Көкшетаудан келдім. Вагонның ішінде Новая Землядан келе жатқан бір қазақпен сөйлестім. Ол өзі сонда сотталып барған екен, енді босап, еліне келе жатыр, «Совет» совхозына кетті - деді.
- Иә, ол не айтты? – деп сұрадым мен.
- Ой, ол көп қызық әңгімелер айтты. Маған айтқан әңгімесінің ең қызығы: әлгі Булаевтағы ақынды көріпті.
Менің тамырларымда қан ойнақши бастады. Айтып отырғаны Мағжан екенін жақсы түсіндім. Бірақ оған сыр білдірмедім.
- Ұмытып тұрғаным, мені де үкіметтің түрмелері жындандырып жіберді ғой, шырағым, ол атақты ақын болған, әлгі Сасықкөлде туған.
Содан шыдай алмадым да:
- Мағжан емес пе?
- Иә, сол, сол! Мағжанды көріпті.
- Өлі ме екен, тірі ме екен, Мағжан?
- О жағын мен сұраған жоқпын, ол айтқан жоқ, - деді.
Арада жиырма күндей уақыт өткізіп, беретін сабақтарымды ағама тапсырып, «Совет» совхозына жүріп кеттім. Барсам, маған керек адам еліне, Павлодарға, кетіп қалыпты. Мұнда түскен үйі мен білетін Майра деген татар әйелі екен. Әлгі қонақ Мағжанмен бірге болғандығын, оның үйі, әйелі болғандығын, 1956 жылы қайтыс болғандығын Майраға түгел айтып беріпті...
Ал енді Құрманбек Жандарбеков ағайды тыңдайық. Атақты артист Құрманбек Жандарбеков Ташкентте оқып жүргенде Мағжанның ең жақсы көретін шәкірті болған. Бұл фактіні менен басқа Сейділ Талжанов, Жамал Омаровалар өте жақсы білетін. Ал өзім Құрманбек ағайдың өмірінің соңғы жылдары ол кісімен жақсы қарым-қатынаста болдым.
Құрманбек ағай ұлы ақынмен соңғы кездесуін былай деп баяндаушы еді.
- 1938 жылдың жазында үйімде шырт ұйқыда жатыр едім, есік шыр ете түсті, оянып кеттім, сағат таңертеңгі бес екен, зәрем кетті. Өзімді де «қай күні әкетер екен үндеместер!» - деп жүретінмін. Қалшылдап барып есік аштым, бірақ есікті жақтаумен қосып тұратын шынжырды ағытпадым да сығалап қарадым. Қарасам – Мағжан тұр! Ар жағында бір-екі әскери адам бар. «Қарғам Құрманбек, абақты қызметкерлері әлгі әйелді бірнеше рет іздеп барып таба алмай келді. Алматыдан кетіп қалған көрінеді. Ал өзің қаржыдай жәрдем көрсет қарағым, тірі болсам бір өтермін, болмаса құдайдан қайтар!» - деді. Бөгелместен жүгіріп бардым да столдан бес сомдықтан бір бума (500 сом) ақшаны әкеліп қолына ұстата қойдым. «Мың рахмет, жаным! Хош сау бол! Қазақ еліне сәлем айт!» деді...
«Азат» тәуелсіз саяси газеті
Хамза Абдуллин
15 тамыз 1993 ж