З...ға
Жас күннен бірге ойнап, бірге өстік,
Бір жүріп, сабақты да бірге оқыстық.
Есейіп бірте-бірте ескірген соң,
Жақындық, арамызда артты достық.
Балалық махаббаты тамашада
Қызарып, үялысып оңашада,
Бір сағат көрісе алмай тұра алмаушы ек,
Көңідде бір бөтен ой болмаса да.
Жүрсек те жұрт көзінде жай таныстай,
Жақын бір тілдеспей-ақ, хат алыспай,
Көзге көз түскенінде қызарысып,
Бір ауыз сөз айтуға бата алыспай, -
Жаз болса, түнде ұйқы көрмеуші едім,
Түн бойы арып-шаршау білмеуші едім
Есікті ақырын ашып түрғанында:
«Шық, жаным, берірек кел. Мен!» - деуші едім.
Кетуші ек қол ұстасып тура көлге,
Дуылдап жанған бетті ұстап желге.
«Жаным»! - деп алма беттен сүйгенімде,
Қызарып, қараушы едің төмен, жерге.
Қытықтап жас жүректі ойнап жас қан,
Дірілдеп тұрушы едік жанша сасқан,
Мөлдіреп көздеріміз айрылыса алмай,
Ағарып ақ жібектей атса да таң.
Қосылған жас күнімнен жарым едің,
Сүйікті анық досым, жаным едің.
Алысқа, ұзақ жолға шыққанымда,
Сарғайып, мені күтіп қалып едің.
Талпынып, өнер іздеп шетке кеттім,
Кеткенде, аз күнге емес, көпке кеттім.
«Жолдағы жарым қашан келеді», - деп,
Сен сорлы күте-күте қасірет шектің.
Мақсатқа жүре бердім арып-талмай,
Ел-жүртым, сен сәулемді есіме алмай.
Жалғанда дұшпан сөзі жаман екен,
Дариға, болсам керек ұмытқандай.
Шет жерде жалғыз басым сандалыппын,
Сағымды мөлдір су деп малданыппын.
Бағасыз саф алтын деп мысқа ұмтылып,
Жасықты асыл көріп, алданыппын.
Сен сорлы қайғы басып, қасірет шегіп,
Егіліп екі көзден жасың төгіп,
Ақырында ауруға үлкен айналыпсың,
Сарғайып күзді күнгі гүлше солып.
Әуре боп опасы жоқ көңілменен,
Мен кеттім, дегендей-ақ: «Түңіл менен».
Сонда да үміт үзбей, қарай-қарай,
Жан досым, қоштасыпсың өмірменен.
Мен бейбақ тап сол кезде шетте жүрдім,
Есімде еш нәрсе жоқ, ойнап-күлдім.
Бұл күңде қалың ойлар, қайғы басты,
Жан жарым жоқ екенін жаңа білдім.
Алысқа неге кеттім, елге кетпей,
«Жан жарым, жанындамын!» дерге жетпей?
Жүрегің жанып, қасірет тартқаныңда,
Көл қылып көзім жасын бірге төкпей?
Жан досым, бақытсызбын, бара алмадым,
Бақылдық ауызыңнан ала алмадым.
Көз жасың, қасіретіңе мен кінәлі ем,
Дариға, кешу сұрап қала алмадым.
Өткен күн жеткізбейді, ол - бір тұлпар,
Алдымда, тірі болсам, талай күн бар.
Кейде у, кейде кәусар суын беріп,
Жанымнан жылжып ақырын өтер жылдар.
Жолығар ұзын жолда талай адам,
Сұлу да, сүйкімді де, жақсы-жаман.
Іш өртеніп, жүрегім шын елжіреп,
Дәл сендей басқа жанды сүю арам!