Мағжан тойы - Магжан Жумабаев

Мағжан тойы

Биыл өңіріміз үшін аса маңызды оқиға - Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілмек. Бұл жыл барша түркі әлемі бойынша "Мағжан Жұмабаев жылы" болып жарияланды. Ал оның ашылу салтанаты Түркияның Кастамону, Анкара қалаларында ақпанның 16-20 күндері өтпекші.


"Туған жер" бағдарламасы аясында өңірімізде ақиық ақынның шығармашылығына арналған 250 - ден астам шара өткізілмек. 2018 жылды "Мағжан Жұмабаев жылы" етіп жариялаған "ТҮРКІСОЙ" халықаралық ұйымының ақын мерейтойын түркітілдес елдерде кең көлемде атап өту туралы ұсынысы баршамызды қуантты. Өйткені, қазақтың біртуар ұлы, жерлес ақын, педагог, публицист Мағжанның есімі туған жерінде ғана емес, түркі елдерінің төрінде де сан қайталанып, жырлары оқылатын болады. "Мағжан жылының" ашылу салтанатына ақынның туған өлкесінен ғалымдар, өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылардан құралған делегация қатысады.
- Түркия жерінде Мағжан жырлары оқылып, әндері шырқалады. Бауырлас жұрт ақиық ақынның шығармаларын жоғары бағалайды. Біз түркі жұртшылығын оның шығармашылығымен жақынырақ таныстыруды міндет етіп отырмыз, - дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Фарида Тұяқова.

"Қызылжар-Акпарат"


Мағжан тойы Қызылжар-Акпарат // Солтүстік Қазақстан. – 2018. – 15 ақпан. – 16 Б.