Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңі
2023 жылдың 16 ақпаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тікелей эфирде жыр пайғамбары Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай Мағжан оқулары өтті.
Халықтың рухани болмысының алтын қазынасына айналған ақын жыры сол халықтың өзімен жасайды. Халықтың тілі, ділі өлмейінше оның жыры да мәңгілік, сол ұлттың жүрегінде, болмысында қан тамырының бүлкіліндей бүкіл бітімімен бірге, бойын, тұлғасын аралап ағады. Мұндай ұлы қасиетке ілуде бір жыр пайғамбарының шығармалары ғана ие болады. Мейлі қандай қиян-кескі оқиғалар, заман дауылдары кезіксін, мұндай ақынның өлеңі өлмейді, жаңа күндердің жарқ еткен сәулесімен қайта тіріліп, келесі ұрпақтардың өкілдері бұл өлеңді әлпештеп, әлдилеп, бесігінде тербете береді. Ұлы Мағжан поэзиясы осындай қасиетке ие.
Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Мағжан оқулары» Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жыл бойы аптаның әр бейсенбісінде өткізіледі Алғашқы Мағжан оқулары Мағжан Жұмабаевтың әйгілі «Түркістан» өлеңіне арналды. Тікелей эфирде «Түркістан» өлеңі оқылып, оның мазмұнына, әр шумағына жан-жақты талдау жасалды. Ақын осы «Түркістан» өлеңі арқылы қазақтың ғасырлар бойғы тарихын сөзбен суреттеді.