«Книги-юбиляры — 2022» М.Әуезовтың «Еңлік – Кебек» және М.Жұмабаевтың шығармалары
«Мерейгер кітаптар» айдарында Мұхтар Әуезовтың «Еңлік – Кебек» (105 жыл) және Мағжан Жұмабаевтың «Тоқсанның тобы» (95 жыл) шығармаларына қысқаша шолу ұсынамыз.
«Еңлік-Кебек» — екі жастың махаббатын жыр ететін шығармалардың жалпы атауы. Шығармаға өмірде шын болған ғашықтар Еңлік пен Кебектің трагедиялық тағдыры арқау болған. Бүгінгі күнде жыр түрінде жеткен Еңлік-Кебек дастанының екі нұсқасы белгілі. Оның біріншісі — 1912 жылы Семейдегі Жәрдем баспасынан жеке кітап болып жарық көрген, Абай ұсынған тақырып бойынша Шәкерім жазған «Жолсыз жазаяки кез болған іс» деген шығарма да, екіншісі — Мағауия Абайұлы жазған Еңлік-Кебек дастаны. Поэма 652 жолдан тұрады. Көлемі шағын болғанымен, сюжеті күрделі, оқиғаға бай, драмаға толы шығарма.
Еңлік пен Кебектің басынан кешкен жайт туралы оқиғаның жаңғырығын бала Мұхтар жас кезінен құлағына сіңіріп өскені даусыз.
Алғашқы нұсқасы 1917 жылы қағаз бетіне түскен пьеса тұңғыш рет сол жылы Абайдың немересі Ақылияның ұзатылу рәсімінде көрерменіне ұсынылып, Ералы жазығындағы Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің отауында қойылды. Пьесадағы Еңлік рөлін Ахмет Әуезов, Кебекті Ақкенже, абыз рөлін Ізкәйіл сомдаған.
Мағжанның ең соңғы ірі туындыларының бірі — «Тоқсанның тобы». Бұл поэмада ақын жаңа өмір жолына үңіле қарап, оған шын көңілімен ден қойғанын мойындайды. Бүкіл халықтың жаңа тұрмыс құруға бет алғанын, өзі де оған қосылатынын айтады. Тоқсан деп көпшілікті, жүздіктің онын емес, тоқсанын қолдаймын дейді.
Поэма 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылған. Поэмадағы мойындау сөздерге шүбә келтірген уда-шу айқай, балағат сөздер мен орынсыз сындар қаптап кетті де, ақынның үнін өшірді.